Елордада тұрмыстық және сексуалдық зорлық көрген әйелдер мен балаларға қолайлы орталық ашылды
Қолайлы дейтініміз енді мұндай жәбір көрген жандар полиция бөлімшесінен ауруханаға, ауруханадан психологиялық кеңсеге барып жүрмейді. Барлығы бір жерде орналасқан. Бұл пилоттық жоба болатын, енді мұндай орталықтар барлық аймақта ашылмақ.
Шағын орталық, ескі кеңсе. Бірақ бұл жер – талай қорғансызға пана. Бұрын бұл жерде тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылық көргендерге тек психологиялық көмек көрсетілетін, енді орталық көрсетер көмегін кеңейтті.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Бұл орталықтың бір артықшылығы енді жәбір көрген әйел немесе бала қала аралап РОВД-ға немесе аураханаға, психологтың кабинетіне бармайды. Барлығы бір жерде орналасқан.
Бір орталықта 4 психолог. Соның бірі – Нұрай Амангелдіқызы. Жұмысқа тұрғанына бір жылға жуықтап қалды, уақыт өткен сайын қолындағы папкасы да қалыңдап барады. Мұның ішінде талай тағдыр бар.
Нұрай Амангелдіқызы, психолог:
- Бір қызды 2-сыныптан бастап туған әкесі зорлап келген. Оны ол қыз 16 жасқа дейін айтпай, өзіне сақтап келген. Кейін ол қыз батылдығын жинап, үйінен қашып кетеді. Кейін ата-анасы жинай бастайды, полиция қызметкерлері тауып алады, сұрағанда өз оқиғасын айтады.
Мұндай орталық ашу қалалық полиция департаментінің бастамасы болатын. Пилоттық жоба бір айға созылды, нәтижесі жаман емес. Енді барлық аймақта ашылады. Себебі статистика сүреңсіз. Жыл басынан бері тек астана бойынша сексуалдық зорлық көрсетудің 50 фактісі тіркелген.
Мұратжан Шәкеров, қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Оның ішінде балалар жөнінде 26 қылмыс тіркелген. Барлығы қазір тергеліп жатыр.
Мұндай істерді тергеумен айналысып жүргендердің бірі – Айғаным Құрманбаева. Ол бұл қызметке әйелдер мен балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстарды тергейтін топтардың құрамына тергеуші әйелдерді енгізу керек деген Президенттің тапсырмасынан соң кіріскен.
Айғаным Құрманбаева, Алматы аудандық полиция бөлімшесі тергеу бөлімінің тергеушісі:
- Әйел адам жауап алған кезде қыз-келіншектер ашылып, бізге болған оқиғаны қымтырылмай түсіндіріп беруге тырысады.
«Ашық айтатындар көбейіп келеді», - дейді полицейлер мен психологтар. Себебі үндемеудің соңы үлкен өкінішке әкеліп жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда күніне төрт әйел зорлық көреді, бір әйел қайтыс болады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Таир Мерекенов