Жеңілдетілген автонесие бойынша алғашқы көлік берілді
Елорда тұрғыны жалпы республика бойынша бірінші болып темір тұлпар иегері атанды. Су жаңа көлік иесі Бекзат Тілегеннің айтуынша, өтінішін банк жылдам қараған. Ешбір кедергісіз, армандаған көлігінің кілтін алды.
16 мамыр – елорда тұрғыны Бекзат Тілеген үшін айтулы дата. Бұл күні қызы дүниеге келген, оның үстіне жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасы да басталған. Сондықтан отбасын тасуға ыңғайлы болатын су жаңа көлікті алуға өтініш беріпті. Қуаныш ұзақ күттірмеді. Жалпы республика бойынша бірінші болып жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасы арқылы көліктің кілтін алды.
Бекзат Тілеген, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- 16 мамырда келдік, төлеу туралы түбіртекті менеджер берді. Банкке бардық. Банкте мақұлдады, үш күн күттік. Үш күннен кейін менеджер хабарласып, бізді рәсімдеуге шақырды. Шынымды айтсам, өте жақсы бағдарлама. Машина болған, бірақ салоннан бірінші рет алып тұрмын. 10 жыл бойы 10 көлік ауыстырғанмын.
Бекзат өз көлігін 6,5 млн теңгеге рәсімдеген. Айтуынша, бағдарлама басталғанға дейін бұл көліктің құны 500 мың теңгеге дейін қымбаттаған. Жалпы бағдарлама іске қосылғаннан бері банктер 4290 өтінішті қарап, мақұлдап үлгерген. Оның жалпы құны – 31,7 млрд теңге. Көлік аламын деп ниеттенгендердің бәріне бірдей банк несие бере бермейді. Ол үшін несие тарихы жақсы, жалақысы да мардымды болуы тиіс. Тағы темір тұлпар иеленгеннен кейін міндетті түрде КАСКО сақтандыруын төлеу шарт.
Гүлжахан Хамитова, банк өкілі:
- Барлығын сақтандыру компаниясы бойынша өздері есептейді. Бұл тарифтарды БЦК немесе басқа банктер айта алмайды. Өйткені КАСКО-ны қай сақтандыру компаниясы рәсімдейді, солардың тарифы бойынша есептелінеді. Біздің талабымыз 7 жылға емес, 1 жылға еді. Әр түрлі болады, банкке және әр көліктің бағасына байланысты.
Жалпы жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасы бойынша көлік алуға өтініш бергендердің саны Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында көп екен.
Авторлары: Риат Шони, Аманжол Байғазин