Алматы облысындағы Шарын ауылының жолы қашан жөнделеді?
755 млн теңге жұмсалған жоба әупірімдеп жүріп аяқталғанымен, қазылған жол қалпына келтірілмей жатыр. Тек қана орталықтағы бірнеше көше асфальтталып, пайдалануға берілген. Алайда оның өзі бүліне бастады.
Ауызсу жүйесін тартқан мердігер мекеме Шарын ауылындағы бес көшені толықтай жөндеген. Бірақ оның сапасына тұрғындардың көңілі толмайды.
Гүлсанам Баратова, Шарын ауылының тұрғыны:
- Бұл жерде мықты мамандар істемеді. Трубаны тастады да, үстін жауып кетті. Үкімет қаржыны біз үшін, халық үшін жіберіп жатыр. Бірақ ол өз жолымен жүрмеді.
Зарип Таипов, Шарын ауылының тұрғыны:
- Үш жыл болды. Кепілдігі үш жыл екен. Жолдың сапасы нашар.
Ауылдағы жиырмадан астам көшеге құбыр тартылғаннан кейін асфальт төселмеген. Сондықтан темір тұлпар иелері көлігін бұзып алмас үшін жолдың қақ ортасымен жүруге тырысады. «Қарсы бағыттан автомобиль шыққан сайын қауіпті жағдай туындайды», – дейді олар.
Әділжан Хилилов, Шарын ауылының тұрғыны:
- Ауыл іші ой мен шұңқыр. Ойғаны ойылды, жасалмады. Жанға батады. Бір көшенің сауы жоқ қой. Жүру мүмкін емес.
Имам Османов, Шарын ауылының тұрғыны:
- Осы көшелердің бәрі әдемі еді. Енді міне, бәрі осындай болып жатыр.
Аудан әкімдігі: «Шарын ауылын ауызсумен қамту жұмысы қаржының бөлінуі мен бекітілген жобаға сай жүргізілді», – дейді. Биыл олар қосымша қаражат қарастырып, тағы бірнеше көшені асфальттамақ.
Әлімжан Хусуров, аудан әкімінің орынбасары:
- Алты көшені жөндеуге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда конкурстық тәртіптер аяқталып, мердігердің қол қою процесі жүріп жатыр. Қалғаны алдағы уақытта жүргізіледі.
Қарадала аймағында ауызсу жүйесі ескірген төрт ауыл бар. Оның екеуі биыл, қалғаны келесі жылы күрделі жөндеуден өтпек. Осылайша, әкімдіктегілер бұл мәселені аудан көлемінде толықтай шешеміз деп отыр. Ал жолдың қалпына келтірілуін өтінген шарындықтардың тағы бірнеше жыл шыдай тұруына тура келеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов