Бесқарағай тұрғындары жайылымнан таршылық көріп отыр
Аудан бойынша 600 мың гектардан астам жайылым бар. Соның өзі ауыл тұрғындары үшін аздық етіп отыр. Ал қарағайлы орманға мал өргізуге қатаң тыйым салынған. Жергілікті әкімдіктегілер: «Шаруалар ауыл іргесіне мал жаюын доғарса, жер бәріне жетер еді», - деп отыр.
Қарамырза ауылының тұрғыны Лилия Клёцтің малы соншалықты көп емес. «Бірақ соның өзін жаятын жер жоқ. Малымыз біресе шабындыққа түсіп, біресе орман алқабына кіріп кетеді», - дейді ол.
Лилия Клёц, Қарамырза ауылының тұрғыны:
- Жайылым тапшылығы тек бізде ғана емес, барлық ауылда бар. Былай жайсаң – шабындық, былай өргізсең – қарағайлы орман. Ал орманға мал айдауға қатаң тыйым салынған. Сонда біз төрт түлікті қайда жаямыз?
Башкөл ауылының тұрғындары да жайылымнан қатты таршылық көріп отыр. Олардың айтуынша, елді мекен іргесінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің бәрін ірі қожалықтар алып алған.
Нұрлан Хауменов, Башкөл ауылының тұрғыны:
- Бақташылар малды осы әкімдіктің жерінде бағады. Жер жетпей, көрші ауылға кіріп кетеді. Олар: «Кіргізбеңдер!», - деп бақырып жатады. Мал басы да жыл сайын көбейіп келеді.
Ал әкімдіктегілер жердің барлығына жеткілікті екенін айтып отыр. Жергілікті билік өкілдерінің пайымдауынша, тұрғындар ауылдан алыстағысы келмейді. Аудан бойынша 600 мың гектардан астам жайылымдық жер болса, соның 34% бос жатыр.
Валерий Калиновский, Бесқарағай аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы
- Елді мекендер дамып, мал басы жылдан-жылға өсіп келеді. Сол себепті аздаған жайылым тапшылығы туындап отыр. Бірақ бұл – шешілетін мәселе. Мысалы, біз тыңайтуға арналған алқаптарды жайылымға бердік. Сол арқылы бұл мақсатқа арналған жер көлемі 1800 гектарға ұлғайды.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері игерілмеген жерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны тұрғындардың иелігіне беру мақсатымен мониторинг ұйымдастыра бастаған. Бір ғана Бесқарағай ауданында 500-ге тарта шаруашылық қожалығы бар екенін де айта кетейік.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов