Алматыда 160 млн-ға салынған қоғамдық әжетханалар әлі жабық тұр
Өткен жылы қойылған мобильді құрылымдарды қалалық Туризм басқармасы: «Сәуір айының соңына дейін толық іске қосамыз», - деген еді. Алайда жабулы дәретхана жабулы күйінде тұр.
Елнұр Болатбек, қалалық туризм басқармасының өкілі:
- Инженерлік желілерге қосу бойынша жұмыс 2022 жылдың қаңтар айына жоспарланған болатын. Бірақ қаладағы қайғылы жағдайларға байланысты жұмыс кідірді. Бүгінгі таңда аудандық әкімдіктермен бірлесіп, осы инженерлік желілерге қосу жұмысы қайтадан жандануда.
Бұл мәселені 1 сәуірдегі жаңалықтарымызда айтқан едік. Туризм басқармасының өкілі: «Әжетханалардың тоғызы кәріз желісіне қосылды, қалғандары сәуір айының соңына дейін қосылады», - деген. Жауапты басқарманың уәдесінен бері екі айға жуық уақыт өтті. Тұрғындар шағымданған соң, тақырыпты тағы да қаузап, қала әкімдігіне сұрау салдық. Алайда суалымызға әзірге жауап алмадық.
Айбол Рысмендиев, қала тұрғыны:
- Бұл әжетханалардың орнатылғанына қанша уақыт болды?! Бірақ ешкім қолданып жатқан жоқ. Бұның тіпті қажеті жоқ деп ойлаймын.
Рамазан Ермекбай, қала тұрғыны:
- Әжетхана – адамға бірінші ретте керек заттардың бірі. Бірақ, өкінішке қарай, қоғамдық әжетханалар істемей тұр. Бұл – формальды нәрсе, яғни өтірік иллюзия. Тұрғанына бір жыл болды. Мен тіпті кіріп көрген жоқпын.
Нұргүл Жарылқасымова, қала тұрғыны:
- Осы қоғамдық әжетханаларды салуға қаншама қаржы жұмсалды?! Ол – халықтың ақшасы. Ақша кімнің қалтасында кетті, әжетхана не үшін орнатылды?! Орнатылғаннан кейін оны пайдалануға беру керек.
Тұрғындардың уәжі орынды. Қомақты қаражат бөлінген соң, кәдеге асқаны дұрыс. Әйтпесе құр тұрып ескіріп кетер. Туристік инфрақұрылымды дамытудың бір бөлігі саналатын құрылғыларда ыстық су мен жылу жүйесі де болады деген еді. Оның бар-жоғы да түсініксіз.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Бұл қоғамдық әжетханалардың тағы қанша уақыт құр босқа жабық тұратыны белгісіз. Әкімдіктің өткен айда берген уәдесінен бері бар болғаны кіреберіске мүгедектерге арналған пандус қана қойылған. Оның өзі дұрыс бекітілмеген.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев