500 мың киікті атуға рұқсат берілуі мүмкін
Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қызғыштай қорып жүріп, санын көбейткен дала жануарларының популяциясын қалай реттеуге болатыны жөнінде бас қатыруда. Ал киіктерді атуға елде келесі жылға дейін мораторий жарияланған.
Экологтар: «Ақбөкендердің санын қазір реттеуге ерте», – дейді. Дала кезген бұл жануарлардың 3 млн-ға дейіні қазақ жерінде емін-еркін жүре алады деген пікірде.
Елімізде ақбөкендердің үш популяциясы болса, соның ірісі – Орал. Жыл сайын сайын дала кезген киіктердің саны артып келеді. Бұл жергілікті шаруаларды әбігерге салып отыр. Айтуларынша, ақбөкендер жайылымдарын отап, егіндерін таптап, суаттарын суалтып біткен.
Ғибатолла Мекетаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Былтыр миллионнан асып кеткен. Ол биыл қанша болғанын ешкім білмейді. Азын-шоғын мал ұстаймыз, малға азық жинай алмаймыз. Шөбімізді киік жеп кеткеннен кейін өзіміз қаңғып, шөп шабуға 100 шақырым жерге далаға кетеміз. Қазір бізге бір тал шөп алтынмен бірдей. Бізде бос орын көп. Сол жақта қайырмалап ұстауға болады ғой. Ағобаның алдында Қопа деген жер бар. Сол жерге үйретсе, үйренеді.
Жуырда киіктердің төлдейтін маусымы құралайдың салқыны аяқталды. Енді биыл ақбөкендердің саны 1 млн 300 – 1 млн 500 мыңға жетуі керек. Жалпы киіктердің әлемдік популяциясының 99% қазақ жерінде екен. Енді соңғы 2 жыл көлемінде дабыл қағып келе жатқан шаруалардың мәселесін шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ақбөкендердің санын реттемек жоспарда. Яғни 500 мыңға жуығын атуға рұқсат беруі мүмкін.
Серікқали Брекешов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Мамандарымыз Батыс Қазақстан облысына барып келгеннен кейін арнайы жұмыс тобы құрылады. Соның аясында киіктердің санын реттеу жөнінде шешім қабылданады. Атуға рұқсат берілетін болса, оған тиісті негіздеме келтіру қажет. Біздің ғалымдардың пайымынша, Орал популяциясында шамамен 450-500 мың ақбөкен болса жеткілікті. Қазір ол жақта 800 мыңнан астам киік мекен етеді. Әзірге шешім қабылданған жоқ.
Айта кету керек, киіктерді атуға тыйым салатын мораторий 2023 жылы аяқталады. Ал табиғат жанашыры, тәуелсіз эколог Сәкен Ділдахметтің айтуынша, ақбөкендер қазір ешкімге кедергі келтіріп жатқан жоқ. Керісінше шаруалар иелік ететін гектар-гектар жерлердің көбі тиімді пайдаланбай жатыр.
Сәкен Ділдахмет, тәуелсіз эколог:
- БҚО-да бір шаруашылықтың 100 мың гектар жерінде 40 сиыр жайылып жүргенін көрдім. Бұл – өте нонсенс жағдай. Не егін екпейді, не шөп егілмейді. Сондықтан киік кіріп жатыр деп мәселені көтеру де орынсыз. Бұл – бірінші. Екіншіден, соңғы 15 жылдың ішінде елімізде тасжолдар көп салынып жатыр. Бірақ бұлардың барлығы ешбір зерттеусіз жасалды. Көптеген жабайы жануар, мысалы, киік жыл 12 ай көшіп-қонып жүреді. Өзінің миграциялық жолдары бар. Сол көптеген миграциялық жолды жол салған кезде жауып тастаған.
Сәкен Ділдахметтің айтуынша, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі киікті атуға тыйым салатын мораторийді 2025 жылға дейін ұзартып, реттелмеген мәселелерді біржақты етулері керек. Атап айтқанда, ақбөкенді атуға рұқсат бергеннің өзінде ертең жануардың мүйізіне көз тігіп жүрген браконьерлер ашық аңшылыққа шығуы мүмкін.
Сәкен Ділдахмет, тәуелсіз эколог:
- Киіктің саны өскеннен кейін осы реттеу мәселесі туындайды. Онымен кім айналысуы керек? Ол жекеменшік монополия бола ма әлде мемлекеттік монополия бола ма? Бірақ бұл жерде басты факторды ескеру керек, киіктің мүйізін, етін өндіріске жіберген кезде мемлекеттік монополия болу керек. Бұны міндетті түрде мемлекет, яғни министрлік атқаруы керек. Оның құрамында «Охотзоопром» мекемесі бар. Ол тек қорғау жұмыстарымен ғана емес, сонымен қатар осындай реттеу мәселесімен айналысып, өндірістік мақсатта қолдануға құқылы.
Айта кету керек, соңғы жылдары осы дала кезген ақбөкендерді қорғауда браконерьерлердің қолынан үш инспектор қаза тапқан. Жалпы құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы Конвенция Қазақстанға киікке қатысты нөлдік квота бекіткен. Демек, ақбөкендердің санын реттеу үшін биологиялық негіздемені тек ел ішінде ғана сонымен қатар шетелде де дәлелдеу қажет.
Авторлары: Риат Шони, Таир Мерекенов