Жетісу өңіріндегі Кеген ауданында ауызсу тапшы
Тасашы ауылының тұрғындарына күніне екі-ақ сағат су берілсе, Сарыкөлге орталықтандырылған ауызсу құбырын тарту мақсатына бөлінген қаржы желге ұшқан. Тіпті аудан орталығы Кегеннің өзінде ауызсу жеткіліксіз. Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Кеген ауданындағы Сарыкөл ауылына 2015 жылы ауызсу құбыры тартылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 22 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ ауылда әлі күнге дейін ауызсу жоқ. Тұрғындар суды міне, мына бастаудан тасып ішіп отыр.
Бағдат Кәрімов, ауыл тұрғыны:
- Су да жоқ, ақша да жоқ. Алған адамдардың өзі бөліп-бөліп алып кетті, су да шыққан жоқ. Төмендегі суды бір емес, екі рет қазды. Көрдіңіз бе, соншама шығын?!
Жұмақадыр Қайыпбаев, ауыл тұрғыны:
- Су тартқышын қойып, суретін ғана салып қойды ғой. Одан ешқандай су істеген де жоқ. Жан-жағының бәрі құрып бітті.
Тұрғындар ауылға ауызсу құбырын жүргізуге бөлінген бюджет қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті деп қынжылады. Ал аудандық әкімдіктегілер қайтадан жоба жасалып, Сарыкөлге алдағы жылдары ауызсу жеткізілетінін айтып отыр. Оның екі жолы бар. Бірі –қосымша сорғы орнату, екіншісі – 7 шақырым жерден ауылға жаңа құбыр тарту.
Бота Елеусізова, Кеген ауданы әкімінің орынбасары:
- Ол бәрібір де қосымша қаржысыз бітпейді. 2016 жылы жасалған сметалық құжаттан қателік кетіп тұр ғой.
Тасашы ауылындағы жағдай да аса мәз емес. Мұнда орталықтандырылған құбыр бұрыннан бар. Алайда ауызсу күніне екі-ақ сағат беріледі.
Елубай Есенқазиев, ауыл тұрғыны:
- Су екі-ақ сағат ағады. Екі сағатта алып үлгерсең, үлгердің, үлгермесең, су жоқ.
Беделхан Сұлтанғазиева, ауыл тұрғыны:
- Осы көшеде бір нүкте бар, орталық көшеде бір нүкте бар, сол жерден ғана ағады. Басқа жерден ақпайды.
Ауылдық округтермен қоса аудан орталығында да ауызсу тапшылығы қатты байқалады. Өйткені елді мекен жылдан-жылға ұлғайып келеді. Сол себепті 290 млн теңге бөлініп, Сарытаудан Кегенге ауызсу құбыры тартылды. Бірақ мәселе түбегейлі шешілмеген.
Талғат Өзекбаев, ауыл тұрғыны:
- Жоспар шикі. Енді ақша құйылды, бірақ нәтиже жоқ.
Бота Елеусізова, Кеген ауданы әкімінің орынбасары:
- Жалпы Кеген ауылындағы су құбырын түбегейлі шешу үшін бізге қосымша құдық бұрғылау қажет және су мұнарасын орнату керек. Бүгінде біздің 4 мың кубтық резервуарымыз ол 38 шақырым ғана су құбырына есептелген.
Қазір Кегенде 68 шақырымдай ауызсу су құбыры бар. Жерасты суларының тартылып, сәйкесінше тұтынушылар саны екі есе өскендіктен, біз қосымша 4 мың текше метрлік су қоймасын орнатуымыз керек. «Кегендегі ауызсу проблемасы сонда ғана толықтай шешіледі», – дейді аудандық әкімдіктегілер. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 30 миллион теңге қаржы сұратылған.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев