Қостанай облысында балаларға арналған 1900-ден астам демалыс орны қызмет көрсетеді
Жауапты мамандар өңірдегі балалардың барлығы дерлік жазғы демалыспен қамтылатынын айтады.
Бұл – Меңдіқара ауданындағы «Лесная сказка» лагері. Мұнда жаз бойына Рудныйдағы мектеп-интернаттың ерекше күтімді қажет ететін тәрбиеленушілері демалады. Барлығы – 125 бала. Олардың ас-тағамы, басқа да қажеттіліктері – бәрі бюджет есебінен. Он жыл бұрын кұрделі жөндеуден өткен демалыс лагері бар талапқа сай.
Оксана Таранухина, жазғы лагерь басшысы:
- Қазір ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Маусымның ортасына таман балаларды қабылдауға дайын боламыз. Бүгінде төтенше жағдайлар қызметінің тексерісінен өттік. Енді санитарлық дәрігерлердің шешімін алу үшін құжаттар тапсырамыз.
Жалпы қала сыртындағы он лагердің үшеуі жетім балаларға арналған. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған балғындардың жазғы демалысына бюджеттен 90 млн теңге бөлініп отыр. Бірақ сол табиғат аясындағы арнайы демалыс орындары аздық етеді. Облыстағы барлық мектеп оқушысының тек 10% ғана қала сыртындағы жазғы лагерьлерге бара алады.
Қаламқас Қаратаева, облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Ауысым ұзақтығы 10-15 күннің арасында, ал жолдаманың құны 15 пен 45 мыңның арасын қамтиды. Қазірдің өзінде жолдамалардың барлығы сатылып бітті. Сондай-ақ 200-ге жуық бала «Балдәурен» республикалық сауықтыру орталығында демалады.
Қала сыртындағы лагерьлерден тыс 700-ден астам мектеп жанындағы тамақтандырылатын және тамақтандырылмайтын алаңқай жұмыс істейді. Жалпы сала мамандары облыстағы 102 мың оқушының 97% осындай демалыс орындарымен қамтылады деп отыр. «Демалыстың мағыналы, қызықты өту жағы да жан-жақты қарастырылған», - дейді мамандар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг