Түркістан қаласында Балаларды қорғау күніне орай түрлі мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр
Жандос Жұмабек, тілші:
- Біз Түркістандағы өткен жылы ғана ашылған «Жібек жолы» саябағындамыз. Мұнда мерекелік көңіл күй керемет. Бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында түрлі тақырыпта іс-шаралар мен байқаулар, ойындар мен көрмелер өтіп жатыр.
Мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалмаған. «Балаларға жылу сыйла» тақырыбында қала басшылығы мен демеушілер есебінен үйде отырып оқитын балаларға түрлі сыйлықтар ұсынылды. Сондай-ақ бүлдіршіндерді салауатты өмір салтына баулып, шымырлыққа тәрбиелеу мақсатында велосипедшілер жарысы, оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, қоғамдық белсенділігін арттыруға арналған әдеби кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар асфальтқа сурет салу байқауы жас суретшілерге ерекше шабыт берді. Бұдан бөлек, «Балғындарға базарлық» тақырыбында «Жас аспазшылар» мен «Жас қолөнершілер» жәрмеңкесі де балғындарға ерекше әсер сыйлады.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Сонымен қатар «Балалар жылы» аясында «Керуен сарай» кешенінде «Тұран бала-фест» он күндігі қорытындыланады. Онда өнерлі оқушылардың концерті мен қуыршақ театры өздерінің мерекелік қойылымын ұсынады. Сондай-ақ балаларға тегін балмұздақ таратылады. Бұдан бөлек, 1500 баланың қатысуымен «Домбыра пати» балалар флеш-мобы өтеді. Іс-шара барысында өңір басшысы республикалық пәндік олимпиада мен ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттап, қаржылай сый-сияпат жасайды деп күтілуде. Ал фестивальдің жабылуы еліміздің эстрада жұлдыздарының гала концерті мен мерекелік от шашуға ұласады.