ШҚО-дағы Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары емханаға жарымай келеді
Дәрігерлер науқастарға бесқабатты үйдің екінші, үшінші қабаттарында қызмет көрсетуге мәжбүр. Кейбір тұрғындар: «Мәселенің ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқанына аудан әкімдерінің жиі ауысуы себеп», - дейді.
Аудан тұрғындары емхана жайын айта-айта шаршаған секілді. Олар қанша аудан әкімі өзгергенімен, бұл мәселенің өзгермеген күйі қалып келе жатқанына қапалы.
Асхат Жұмарғалиев, Герасимовка ауылының тұрғыны:
- Аудан орталығы болғалы неше жыл болды?! Ұлан ауданында ауыл көп. Бәрі осында келеді. Әкімдер уәде береді, бірақ орындамайды. Бір-бірімен ауысып жатады. Қиналатын халық.
Халықтың шынымен де қиналып жүргенін, құрқылтайдың ұясындай дәрігерлік амбулаторияның 7 мың тұрғыны бар Қасым Қайсенов кентіне тарлық ететінін өз көзімізбен көрдік.
Азамат Қасым, тілші:
- Қасым Қайсенов кентіндегі аурухананың тарлығы сонша, қыстырылып өтуге тура келеді. Негізінде, ауруханалардың көлемі 2 мың шаршы метр болу керек болса, бұл жер 200 шаршы метр.
Мансұр Мақсұтов, Қ. Қайсенов кентінің тұрғыны:
- Өте ыңғайсыз. Іші тар. Адамдар кезекте тұрғанда балалар ауру жұқтырып алуы да мүмкін. Дәрігерлер саны да аз.
Мүшелбек Батталова, Қ. Қайсенов кентінің тұрғыны:
- Ешқандай жағдай жасалмаған. Пандемия кезінде дәлізде бір кісіге бір кісінің мұрны тиіп тұрды. Күндізгі стационар болған, оны алып тастады. Жататын орын жоқ. Қалаға жібереді. Қалаға баруға әркімнің жағдайы келе бермейді.
Дәрігерлер науқастарды қалаға жетіскеннен жіберіп жүрмегенін айтады. Себебі айналдырған сегіз дәрігер күн сайын келетін 200-ге жуық адамды қабылдап үлгермейді.
Гаухар Сүлейменова, дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі:
- Бізде 6 792 адам тіркеуде тұр. Мұнда рентгендік зерттеулер, ультрадыбыстық тексерулер жоқ. Жаңа аурухана салынса, барынша жұмыс істеуге дайынбыз. Мемлекеттен жаңа аурухана сұраймыз.
Жаңа аурухананың салынуын дәрігерлер ғана емес, аудан тұрғындарының көпшілігі күтіп жүр. Олардың сенімі ақтала ма?
Қуат Оқасов, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл мәселені жақсы білеміз. Тұрғындарға қиынға соғып жүргенін де түсінеміз. Жобалық-сметалық құжат әзірленді. Сараптамадан өтті. Жер бөлінді. Тиісті қаржы бөлінсе, 2023 жылы 150 орындық емхана салынады. Мұны аудан халқымен кездесуде облыс әкімі де айтты.
Жобалық-сметалық құжат әзірленгенімен, құрылысқа қажет қаражат әлі бөлінбеген. Ал 2023 жылдың басталуына небәрі жарты жыл уақыт қалды.
Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин