Маңғыстаулықтар шіркейден көз аша алмай қалды
Жұрт: «Әкімдік пен тиісті органдар тазарту жұмыстарын жүргізбей жатыр», - деп шағымданды. Ал биолог мамандар шіркейдің күрт көбеюі түрлі ауруға алып келетінін айтып, дабыл қағуда.
Әйгерім Ашықбаева, тілші:
- Ақтау көшелерінде емін-еркін жүріп-тұру мүмкін болмай тұр. Себебі далада 10 минут тұра қалсаң, ұсақ шіркейлер талап, аузы-мұрныңа кіреді. Бұл жағдайдан тұрғындардың әбден мазасы қашқан.
Шыбын-шіркейдің көбейгенін мамандар да растап отыр. «Негізгі себеп биыл жазда жаңбырдың көп болуынан», - дейді эколог Әділбек Қозбақов. Алайда бұл табиғи құбылыс болғандықтан, жақын арада азаятынын айтады.
Әділбек Қозбақов, эколог:
- Күн ысығанда, жел болғанда өздері жоқ болып кетеді. Олар желге қарсы ұша алмайды. Табиғатты улаған зиян. Шыбын, масаларға ғана емес, экожүйеге зиян келтіреді.
Ал 20 жылдық тәжірибесі бар биолог Ләтипа Қожамжарова бұл пікірмен келіспейді. Ол: «Бұл – Маңғыстауда ғана емес, Каспий жағалауы елдеріндегі проблема», - дейді. Сондықтан шіркейлерді тез арада улап, санын азайту керек екенін айтады. Әйтпесе түрлі ауру тарау қаупі бар.
Ләтипа Қожамжарова, биология ғылымдарының кандидаты, профессор:
- Олар өте қауіпті. Құлақтың ішіне, әсіре көздің ішіне кіріп кеткен жағдайда, көздің шырышты қабығы базальды болғандықтан, сол жерде жұмыртқалап кетуі мүмкін. Үлкен адамдарды шаққан кезде, сумен жуып тастайды, ал жас балаларда температура болады. Яғни дененің қызуына әкеледі, себебі шіркей шаққаннан кейін, қанға бөгде зат түседі.
Шіркейден қорғанудың жолдары: даладан келген соң киімді ауыстырып, міндетті түрде шайыну керек. «Әрі арнайы дәрі-дәрмекпен қорғану керек», - дейді мамандар. Шыбын-шіркейдің көбеюі тұрғындардан бөлек, жасыл-желекке зиянын тигізуде. Сондықтан қала әкімдігі әзірге дезинфекция жұмыстарын ағаштарға жүргізіп жатқанын хабарлады.
Әнуар Туляков, Ақтау қалалық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Жеті шағынауданды толығымен аяқтады. Адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарды – саябақты, теңіз жағасын улау жұмыстары таңғы сағат 06:00-да жүргізіледі. Жаз мезгілінде шыбын-шіркейдің көбеюіне байланысты, жапырақтың түбін жемеуі үшін ағашты күтіп ұстау жұмыстары жүріп жатыр.
Әкімдік мамандарының айтуынша, тұрғын үйде шіркей көбейсе, меншік иелері бірлестігі дезинфекциялау мамандарын шақырып, улау қажет екенін айтады. Ол үшін қаражатты тұрғындар өздері жинайды. Ал көше бойындағы жасыл-желекті улау жұмыстары әлі жалғасады. Бүгінде қаладағы 60 мың теректің 10 мыңы тазартылған. Сондықтан тұрғындардың әзірге қорғанудан басқа амалы жоқ.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев