Тараздықтар көпқабатты үйдің ауласына салынатын монша құрылысына қарсы
Жұрт бұл істің заңдылығына күмәнданып отыр. «Онсыз да қаптаған моншаның орнына балалар ойнайтын аула немесе футбол алаңын салып берсе, әлдеқайда тиімді болар еді», – дейді олар.
Елдің наразылығын тудырып отырған монша Сәтпаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласынан салынбақ. Кәсіпкер құрылысты өткен айда бастаймыз деп жоспарлап қойған. Алайда тұрғындар шу шығарып, құрылыс кідірген. Негізгі коммуникациялық жүйенің барлығы монша түсетін жердің астымен өтіп жатыр. «Нысан салынатын болса, мәселенің көкесі сол кезде басталады», – дейді жұрт.
Аллаберген Халықов, қала тұрғыны:
- Мына жерде газдың коммуникациясы бар. Оны қазуға, тиісуге болмайды. Сосын мына жолды жауып тастап отыр. Міне, мына жерде бесік арбалар бар. Сайдың ішімен жүру керек. Халық игілігі үшін бізге монша керек емес.
Максуда Набиходжаева, қала тұрғыны:
- Референдумның алдында бұлар тынышталып қалды. Саяси науқан өткен соң бірден бастады. Міне, жұмысшылар келді. Материалдарын алып келіп, құрылысқа дайындап жатыр. Мұнда балалар, қариялар бар. Жолды жауып, бұлар не істеп отыр? Қоқысты үйдің ауласына тастайды. Тышқан қаптап барады.
Жұрт онсыз да төңіректе монша көп дейді. Оның орнына балалар ойнайтын алаң сұрап отыр. Төрт бірдей көпқабатты үйдің тұрғындары құрылысқа қарсы. Оған ешқашан келісім бермеген. Кәсіпкер аулаға еш қатысы жоқ тұрғын үйлердің адамдарынан қол жинап алған деп отыр. Енді онсыз да тар жерді әкімдік неге сатады деп ашулы.
Ихтияр Мурзахметов, нысан құрылысы бойынша серіктес:
- Біз тұрғындардан қол жинағанбыз. Бұл үйлердің тұрғындарының басым көпшілігі қарсы емес. Бұл жерде қарсылық танытып жүрген белгілі бір топ бар. Олар кәсіптің дәл осы түрі салынбауын, дамымағанын қалайды.
Алмасбек Бөбеев, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Бүкіл құжаттарын заңмен рәсімдеген. Жер теліміне қатысты қандай да бір заңбұзушылықтар жоқ, 2018 жылы ол жер аукцион арқылы сатылған. Одан кейін сыйға тарту рәсімдерімен рәсімделген. Оны жер қатынастары бөлімі шұғылданып жатыр. Прокуратура органдарынан тиісті бағасын алғаннан кейін барып нақты шешімін айтады.
Жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, кәсіпкер жерді заңды жолмен алған. Алайда қалалық әкімдіктің бұл шешімінің дұрыстығына тұрғындар күмәнданып, енді облыс әкімінің мәселеге назар аударып, жіті зерделеу жүргізгенін қалайды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә