Қарағанды мен Балқаш арасындағы жыр болған автобанның екі жолағы ашылады
Бұл туралы осы жобаға жауапты компания өкілдері мәлімдеді. Ал қалған бөлігі жыл соңына дейін тапсырылмақ. Алайда 2019 жылы басталған құрылыстың әлі күнге тек 50% аяқталған.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Қарағанды мен Балқаштың арасындағы автобанның құрылысы қайта жанданды. Бұл учаскеде соңғы алты ай бойы жұмыс тоқтап тұрған. Міндетін дұрыс атқармаған мердігер шеттетіліп, қазір оның орнына басқа компания келді. Олар алғашқы аптаның өзінде 12 шақырым асфальт төсеп үлгерген.
Осылайша, жұмысқа кіріскен түрік компаниясы жыр болған 363 шақырым жолды жыл соңына дейін аяқтауға бекініп отыр. Қазір олар қолдарындағы барлық техника мен адам күшін осы аралықтағы төрт учаскеге жұмылдырған.
Берік Жайсаңбаев, жоба жетекшісі:
- Өзіміздің ресурстармен, фирманың күшімен салып жатырмыз. Әлі қаржыландырылған жоқ. Бірақ осы 1-2 күнде шешіледі деген ақпарат бар. 15 шілдеге дейін бір жолағын ашуды жоспарлап отырмыз. Құрылыс маусымының соңына дейін екі жолақты екі бағытта береміз.
Жобаның әу бастағы құны – 248 млрд теңге. Алайда соңғы 3-4 жылда құрылыс материалдарының құны 30% өскен. Соған орай, құжатқа түзетулер енгізіліп, қосымша қаражат бөлінетін болды. Ал бұған дейін жұмысына жауапсыз қараған мердігер жазаға тартылады.
Марат Түсіпов, Қарағанды облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Мердігер жіберген кемшіліктерінің кесірінен осылай болған. Оларға 50 млн-нан астам айыппұл, жаза төлеу міндеттелген екен. Оны соңына дейін қадағалау керек. Екіншісі, қосалқы мердігерлерден қаражат алған кезде 56 күнге дейін созылып кетеді екен. Бұл да қиындық тудырады. Осы сұрақтарды көтердік.
Бұдан былай жұмыс барысын облыстық қоғамдық кеңес мүшелері бақылайтын болады. Ал сапасын «Жол сапа» мамандары тексереді. Жоба 2023 жылдың қыркүйек айында түгел аяқталуы тиіс.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар