Хабар телеарнасы

Ақтөбеде силикат кірпіші тапшы

Салдарынан ондаған тас қалайтын маман қол қусырып қалса, жүздеген отбасы пәтерін күтуге мәжбүр. Бұл мәселе әсіресе жеке компаниялар үшін үлкен кедергі боп тұр. Себебі өңірде құйылатын кірпіш әуелі әлеуметтік нысандарға жіберіледі екен.

Бұл үй бастапқы жоспарда 16 кіреберісі бар біртұтас кешен болуы тиіс еді. Алайда құрылыстың кешігуіне байланысты екіге бөлініп, бірнеше кезеңмен тапсырылып жатыр. Құрылыс компаниясы кірпіш тапшылығына байланысты алғашқы 8 кіреберісін ғана тұрғындарға берген. Ал қалған бөлігін тәмамдау үшін әлі 300 мыңға жуық кірпіш қажет.

Махамбет Абдрахманов, құрылыс компаниясының өкілі:

- Баспананы дер кезінде тапсырмаған соң тұрғындар наразы. Бірақ бұл біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Кірпіш болмаған соң, құрылысшыларымыз да қол қусырып отыруға мәжбүр. Қазір біз осы жерге қажетті кірпішті жинап отырмыз. Шілде айында ғана құрылыс жанданады.

Мұндай жағдай өңірдегі барлық құрылыс компаниясының басында бар. Әсіресе 1-2 қабаттың құрылысында қолданылатын 150 маркалы кірпіштің жоқтығы қолбайлау көрінеді.

Игорь Давлашеридзе, құрылыс компаниясының өндірістік директоры:

- Қолымызға кірпіш түссе, бірден жұмыс жанданады. 150-ші маркалы кірпіш тапшы. 125-ші маркалы да таптырмай тұр. Қазір 100-ші маркалы кірпішті жинап қойып отырмыз. Оның өзі көзді ашып-жұмғанша таусылады. Бұрын бір жарым апта ішінде бір қабатты тұрғызсақ, қазір үш аптаға дейін жүруге тура келеді. Екі есе кешігіп жатырмыз.

Ақтөбеде кірпіш шығаратын 5 зауыт бар. Жылына 122 млн данасын өндіреді. Соңғы 4-5 жыл ішінде мұның өзі аз боп тұр. Сондықтан кірпіш соғатын шағын зауыт салуды құрылыс компаниялары өз қолдарына алған.

Самат Ұрмағамбетов, құрылыс компаниясының директоры:

- Өзіміздің базамызда жылына 16 млн дана кірпіш шығаратын зауыт салуды қолға алдық. Бұл қажетті көлемнің тек 20% ғана қамтиды. Құрылыс компаниясы бола тұра, қызмет бағытын әртараптандыруға тура келіп тұр. Құрал-жабдықтар мен жұмысшыларды оқыту сияқты қосымша шығын да бар.

Облыстық әкімдік өкілдері бұл жайтты өңірде құрылыстың қарқын алғандығымен тікелей байланыстырады. Жеке тұрғын үйді айтпағанда дәл қазір көпқабатты баспана салатын 50-ге жуық компания жұмыс істеуде. Сәйкесінше, материалға да сұраныс жоғары. Атырау мен Ақтау, Қызылорда мен Оралға да тасымалданып жатыр. Бұл орайда шенеуніктер: «Әлеуметтік нысан құрылысын қатаң назарға алдық», – дейді. Зауыт өкілдерімен жүздесіп, бірінші кезекте мектеп пен балабақша, бюджеттік баспана құрылысына қажетті кірпішті кешіктірмеуін өтінген.

Нағымжан Алдияров, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Қандыағаш жылына жалпы көлемі 41 млн, Лотос 70 млн шығару керек. Көктас 120 млн-ға есептелген. Қазір 10 млн-дай шығарып жатыр. Егер Көктас қосылатын болса, біздің мәселемізді шешіп кететін еді. Өкінішке қарай, оған шамалы уақыт керек болып тұр.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Шенеуніктер: «Қалыптасқан жағдайға қарамастан, өңірдегі құрылыс қарқынын төмендетуге негіз жоқ», – дейді. Белгіленген жоспарға сай биыл 1 млн 200 мың шаршы метр баспана қолданысқа беру көзделген. Сондықтан тығырықтан шығар жол табуға мүдделі.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков