Елімізде суға батқандар саны азаймай тұр
Бұл қайғылы жағдайлардың тең жартысы жазғы шомылу маусымында болған. «Қабылданып жатқан шараларға қарамастан демалушылар қауіпсіздік талаптарын ескерер емес», – дейді құтқарушылар.
Түркістан облысында суға батып кеткен екі шетелдік студентті іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Төле би ауданы, Ханарық ауылы маңындағы Ақсу өзеніне түскен екі студент белгісіз жағдайда суға батып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, оларды ұйық тартып кеткен. 21 студенттен құралған топ Ақсу шатқалына Шымкент қаласынан барған. Барлығы Үндістан елінің азаматтары, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері. Жалпы жыл басынан бері өңірде 6 адам суға кеткен.
Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Іздестіру жұмыстарына шатқалдағы құздардың тік болуы қиындық туғызып жатыр. Алайда іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Алматы мен Жетісу облысында да осындай қайғылы жағдай жиілеп кетті. Мұнда жыл басынан бері 14 адам суға кеткен. Соның тең жартысы жазғы шомылу маусымында тіркелді. Соңғы қайғылы оқиға демалыс күні Қапшағай су қоймасында болды. Тілсіз жау шомылуға арналмаған жерде суға түсіп жүрген 4 адамның өмірін жалмап кетті. 2007, 2010 жылы дүниеге келген екі ағайынды бала суға тұншыға бастаған. Оларды құтқаруға әрекеттенген бір әйел мен ер адам өрімдей жас балалармен бірге сол жерде суға кетті. Төтеншеліктер құтқарушылар кезекшілігі ұйымдастырылған орындарда ғана суға түсуге болатынын ескертеді.
Игорь Жуков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Демалушыларға арнайы жасақталған орындарда ғана суға түсу керектігін ескертеміз. Жүзе алмайтын адамдар белден аспайтын, таяз жерде шомылуы тиіс. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Ішімдік ішуге, толқын көтеріліп, дауылды ескерту жарияланған кезде суға түсуге болмайды.
Еліміздің шығысында суға шомылу мауысымы басталғалы бері 11 адам өзенге батып кеткен. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3 есе көп. Құтқарушылар жаздың алғашқы айлары осылай болса, ары қарай жағдайды елестету тым қорқынышты екенін айтады. Себебі демалушылар қауіпсіздік талаптарын ескермейді. Тіпті ішімдік ішіп, таяз жерде тұншығып, қайтыс болғандар бар. Көрер жарығы барларды куәгерлер аман алып қалуда. Мәселен, жақында ғана Өскеменде суға батып бара жатқан азаматты Ертістің қатты ағысына қарамастан екі жігіт аман алып қалды.
Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз қызметкері:
- Біз барынша рейд шараларын креативті түрде өткізуге тырысып жатырмыз. Әр кезде түрлі кейіпкерлерді сомдап жүрміз. Өйткені шынымен де жағадағы жағдай ушығып бара жатыр. Күніне қаншама қайғылы оқиға болып жатса да, қауіпсіздік талаптарына мән беріп жатқандар аз. Сондықтан рұқсат етілмеген жерде суға түскендерге әкімшілік шара қолданылатынын да ескертеміз.
Жалпы жыл басынан бері елімізде 110 адам суға кетті. Оның 40-ы – балалар. Әсіресе қайғылы жағдай Алматы мен Қарағанды және Қостанай облыстарында азаймай тұр. Құтқарушылар егер демалушылар рұқсат етілмеген жерге суға түсе беретін болса, оқыс оқиға бұдан да көп болуы мүмкін екенін ескертеді. Себебі жыл басынан бері белгіленбеген жерге суға түскен 68 адамды куәгерлер құтқарып қалған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов