Ғалымдар алақанмен төлем жүргізу жүйесін қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр
Енді қазақстандықтар алақан арқылы есеп айырысуы бек мүмкін. Жаңа жобаны отандық жас ғалымдар ойлап тапты. Сканер түріндегі мұндай әдістің көмегімен әзірге тек есіктен кіріп-шығуға болады. Мамандар алдағы уақытта банктермен байланыс орнатып, алақанмен төлем жүргізу жүйесін қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Қазіргі таңда біз қолма-қол есеп айырыспаймыз. Сәйкесінше, көбіміз телефон құрылғысы арқылы есеп айырысып жүрміз. Егер де ақшаңызды жоғалтып алып, әлде телефонды ұмытып кетіп жатсаңыз, алақаныңыз әрдайым өзіңізбен бірге. Сәйкесінше, алақан арқылы есеп айырысуға болады. Қате түсінбедіңіз. Міне, арнайы чегін берді, суды алдық. Мұны қалай дейсіз ғой? Қазіргі таңда қазақ жастары жүйені ойлап тапты. Ол да дұрыс шығар. Заман талабы ма әлде адам жүйріктігі ме, оны уақыт таразылай жатар.
Ақшаны жоғалтып алдық, телефонды түсіріп алдыңыз. Ал алақан әрдайым өзіңізбен бірге.
Берік Нұрымбетов, жоба жетекшісі:
- Сіз Mastercard пен Visa картасын осы алақанға байланыстырса болады. Оны тіркеу жасап, одан кейін кез келген жерде, яғни дүкен болсын, үлкен ойын сауық орталықтарында болсын төлемді алақан арқылы жасай бересіз.
Алақан қышыса, ақшаға жоритын халықпыз. Сәйкестік емес шығар. Десе де енді алақанды қасымай-ақ ақша шақыруға болады. Осылайша, ақша ашсақ, алақанымызда, жұмсақ жұдырығымызда. Ыңғайлы, тиімді ең бастысы –қауіпсіз. Бұны ғылым дәлелдеді.
Берік Нұрымбетов, жоба жетекшісі:
- Адамның алақандары бір-біріне ұқсамайды. Тіпті бір адамның екі алақаны екі түрлі болады. Еуропада чипті тамырдың қолдың астына салып жатады. Салудың ешқандай қажеті жоқ. Оны Жаратушы біздің алақанымыздың ішіне салып қойған. Ешқандай карточка керек емес. Келесіз, алақаныңызды сканерлеп, ақшаңызды алып кете бересіз.
Иә, осындай автоматтандырылған жүйелерге қарап, адам өз болашағы үшін алаңдай бастайды. Бүйте берсе, адамның жұмысын робот алмастырмасына кім кепіл?!
Нұр-Сұлтан қаласында «Адамды робот алмастырмайды» тақырыбында шара өтті. Жиналғандар тоқ етер тоқтам жасамады. Көбінің ойы цифрлы құрылғылар өмірімізді жеңілдетеді. Бірақ түбегейлі роботтанып кетуден аулақпыз дегенге саяды. Сіз қалай ойлайсыз?! Келешекте адамды құлтемір басқара ма әлде құлтемірді адам басқара ма? Соңғы сөз көрерменнен...