Ғалымдар: Көркем әдебиет – тәрбие құралы
Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында бас қосқан ғалымдар осындай пікірде. Олар адал адам, адал еңбек, адал табыс ұғымдарының қазақ мәдениеті, әдебиеті мен руханиятында насихатталуын сөз етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен үшінші Құрылтайда көркем әдебиет пен өнердегі «Кемел адам» концептінің маңызын атап өткен еді. Әрідегі Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иассауи, Ахмет Йүгнеки секілді ортағасырлық сөз зергелерінің жырларында кеңінен жырланған кемелдік ұстындары кейіннен Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов секілді ақын-жазушылардың шығармаларында көрініс тапты. «Бұл –үзілмейтін дәстүр, ұмытылмайтын тақырып болуы тиіс»,-дейді қаламгерлер.
Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:
- Адамзаттың дамуында әділет болмайтын болса, адамгершілік болмайтын болса, адал еңбек болмайтын болса, біздің қоғамның болашағы бұлдыр деп айтуға болады. Сондықтан қазақ әдебиетінің бұрынғы игі дәстүрінің барлығы адамгершілікті, әділеттілікті, адал еңбекті насихаттау болатын болса, қазіргі қазақ әдебиетіндегі ең басты құндылық – осы адал адам, адал еңбек, адал табыс.