Елімізде 6 айда 6 мың көлік апаты тіркелген
Статистика әлі де көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері 6 мың көлік апаты болған.
Көлік апаты. Ол қазір әдеттегі жеңіл-желпі қақтығыс түрінде емес. Міне, күні кеше ғана Атырау облысында болған жағдай. Қатты соқтығыстың әсерінен тонналаған автобус бүйіріне жатып қалған.
Әділбек Шахметов, патрулдік полиция ротасы командирінің орынбасары:
- Тойота Камри автокөлігінің 2002 жылы туған жүргізушісі басқару жүйесін игере алмай, яғни қалғып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан Хайгер автобусына соқтығысқан. Автобус салонында 30 жолаушы болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автобустың 6 жолаушысы жарақат алған.
Атыраудағы көлік апаты бір мысал ғана. Еліміз бойынша жарты жылдықтың статистикасы жаға ұстатады.
Ақтоты Боранова, әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
- Ағымдағы жылдың 6 айында Қазақстанда 6 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 947 адам қаза тауып, 8 110 адам әртүрлі дене жарақатын алды.
Жол-көлік оқиғаларының себептеріне де талдау жасалыпты. Олар: дұрыс маневр жасамау, қарсы бағытқа шығу, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің қозғалыс ережесін елемеуі. Ең қауіптісі – жылдамдықты сақтамау. Апаттардың 95% тап осы соңғысы себепті орын алады екен.
Көлік апаттарынан келетін материалдық шығында айтарлықтай қомақты. Тек Тараз тасжолындағы оқиғаның өзінде он көлік зақымдалып, төртеуі өртеніп кетті. Бір кісі көз жұмып, ондаған адам жарақаттанды. Сала мамандары мәселені бейнебақылау камераларының санын арттыру арқылы шешуді мақсат етуде.
Жаңа технологиялар тек қалада ғана емес, үлкен жолдарда да көптеп қолданылады. Сол арқылы жүйіткігендерді айтпағанда, орташа жылдамдықты асырған тұлғаларда өз әрекеті үшін жауап беретін болады.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Мәселені шешу үшін мұндай тың шешімдер керек-ақ. Әйтпесе жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан орташа есеппен 20 мың адам жарақаттанады. Сондай-ақ екі мың кісінің өмірі қиылады екен. Мамандардың айтуынша, бұл – соңғы бес жылда тұрақты түрде қайталанатын көрсеткіш.