БҚО шаруалары ауызсудан тарығып отыр
Балық шаруашылығын дамытпақ болған шаруалар шаш етектен шығынға батыпты. Бірнеше жыл бойы салған шабақтары қырылып қалған. Мамандар биыл көктемде аймақтағы су қоймаларының арнасы кемеріне келгенін айтады. Алайда Көшім каналы арқылы алынатын суды шаруашылық аумағына жеткізуде кедергі көп.
Талғат Серікқалиұлы, тілші:
- Бір кездері балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған сулы, нулы жер еді бұл. Сол саялы мекеннің қазіргі сиқы осындай. «Өкінішке қарай, мұндай жағдай аудан аумағындағы барлық су қоймасына тән», - дейді шаруалар.
Жаңақалалық Қажымұхан Борашев өз қожалығына қарасты жердегі су қоймасын бірнеше жылға жалға алған. Мақсаты тауарлы балық шаруашылығын өрістету еді. Ол үшін Ресейден тұқым, ақ амур мен дөңмаңдайдың 100 мыңдаған шабағын әкеліп салды. Онысы өсіп-өне бастаған соң, көл басында қона жатып, тұнықтан балық аулайтындар қатары көбейген-ді. Бірақ соңғы бірнеше жыл бойы көлге су түспеді. Тіршілік нәрін жеткізетін арналарды арамшөп басқан. «Қазір балық түгілі, төрт түлікті асырау қиындап кетті», - дейді шаруа.
Қажымұхан Борашев, шаруа қожалығының басшысы:
- Каналды тазаламаса, Үкіметтен көмек болмаса, бұл біздің қолдан келетін шаруа емес. «Қазсушар» маған: «Суды ал», - деп тұр. Бірақ Қоғалы көлін ашып қойып тұрмыз. Келіп жатқан су жоқ. Әлі күнге дейін бір тамшы су жоқ.
Осындай қиындықтарға қарамастан, шаруа көлді жалға алу мерзімін тағы 10 жылға ұзартқан. Егер арнасы қайта толса, бастаған істі аяғына жеткізеріне сенімді. Мынау каналдың көлге құяр тұсындағы құбыр. Бұл арадан су шапшып жатар күнді қорықшылар да асыға күтіп жүр.
Думан Қажымұханұлы, қорықшы:
- Судың жоқтығы табиғатқа кері әсерін тигізіп жатыр. Су бар кезде құсы да, аңы да, балығы да болды. Қазір тіршілік жоқ.
Ақылбек Төлепбергенов, шаруа қожалығының басшысы:
- Еділсорда 5-6 жыл бойы су жоқ. Кеуіп жатыр. Еділсор кезінде бүкіл ауданды асырап тұрған су еді ғой.
Жаңақала ауданындағы шаруашылықтар үшін Жайық-Көшім суғару-суландыру жүйесінің маңызы зор. Олар – Киров, Бітік, Дөңгелек және Пятимар су қоймалары. Биыл Жайық суы екі мәрте көтерілді. Соның арқасында аталған су қоймаларына 200 миллион текше метр су жиналған.
Төлеген Ғұмаров, «Қазсушар» РМК БҚФ директорының орынбасары:
- Пятимар қоймасы суға толып тұр. Сосын одан шығады да, Сәңкібай магистралды каналы арқылы Қоғалы көліне барады. Осыдан 12 шақырым жерден экскаватор салдық. Қазір тазалап жатыр, шөп өсіп кеткен. 20-25 күнде тазалап бітіреміз деген жоспарымыз бар.
Қоғалы көліне тіршілік нәрі Дөңгелек су қоймасынан алынады. Бірақ әуелі каналдардың бойын тұтасқан қамыс пен арамшөптен арылту керек. Қазір мамандар Көшім каналымен жететін судың кедергісіз ағуына күш салып жатыр.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов