Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы тасжол жарамсыз күйде
Облыс орталығына қатынайтын жалғыз жолды жарамсыз күйге түсірген құрылысшыларға жергілікті жұрттың өкпесі қара қазандай. Небәрі 120 шақырым қашықтықтағы автобанға жету бүгінде мұңға айналған.
Әлиақпар Рыспек, Сәуле ауылының тұрғыны:
- Елді мекенімізде шойын жол жоқ. Әуе қатынасы жоқ. Бізге тамақ та осы жолмен келеді, ауырған адамдарды да осы жолмен тасимыз. Сондықтан қазіргі жолымыздың жағдайы өте қиын.
Ақой – Ақсу Аюлы – Ақтоғай – Балқаш бағытындағы бұл облыстық маңыздағы жолдың 16 шақырымына жуырда ғана орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол үшін қазынадан 800 миллион теңге қаражат бөлініпті. Алайда қаладан асфальт тасыған жүк көліктері тас жолдың қалған 104 шақырымын тас-талқан еткен.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Жүк көліктерінің салмағынан тіпті Үшарал ауылының маңындағы суағар да сынып кеткен. Енді тұрғындар ерте көктемде ауылды су баса ма деп қауіптеніп отыр.
Өкінішке қарай, енді соның кесірінен автобус жүргізушілері де бұл бағытқа жүруден бас тартып отыр. Ал такси құны бірден мың теңгеге өсіп, 4 мыңға жеткен. Аудан орталығына тауар жеткізетін фирмалар да келуін сиретіп, кәсіпкерлер зардап шегуде.
Төрехан Асанов, жүргізуші:
- Бүкіл жолдың тас-талқанын шығарған. Көлігіміз шашылып жатыр.
Аудан белсенділері бұл мәселені айтып, құзырлы мекемелерге талай мәрте хат жазғанмен, жауап жоқ. Енді олар сотқа жүгінгелі отыр.
Ерден Керімбай, аудандық мәслихаттың депутаты:
- Бұл мәселелер бойынша облыстық басқармаға мәслихат депутаттарының тарапынан сауалдар жолданды. Бірақ басқарма тарапынан нәтиже жоқ. Қазір сотқа беру процестері жүріп жатыр. Басқарманы және «Қостанай жолдары» ЖШС-н облыстық сотқа береміз.
Жұмысқа тапсырыс беруші тарап бұл жайдан хабардар. Олар бүлінген жолды кезең-кезеңімен қалыпқа келтіруге уәде беріп отыр. Ал әзірге ой-шұңқырды тегістеуге мердігерді міндеттеген.
Ержан Көкішев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:
- Келер жылға 60 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. 30 шақырымға ведомствалық экспертиза бар, сметалық құжаттама дайын. Қалған 30 шақырымға сметалық құжаттама жасалынып жатыр. Енді жыл сайын 30-60 шақырымнан жасасақ, 3-4 жылда бітіреміз.
Ал оған дейін тұрғындарға қауіпті жолмен қатынаудан басқа амал жоқ. «Ең бастысы, бар жолды тас-талқан еткендер жауапсыз қалмаса екен», - дейді тұрғындар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар