Алакөлдің Абай облысындағы бөлігінде тазалық талаптары сақталмай тұр
Ең сорақысы, көл жағалауының тазалығына жауапты мекеменің техникалары ескіріп, тозығы жеткен. Ал орталықтандырылған кәріз жүйесі құрылысының басталар түрі көрінбейді. Жобалық-сметалық құжат дайын болғанымен, қаржы бөлінбеген.
Алакөлде орталық кәріз жүйесі жоқ болғандықтан әр демалыс үйі осылай күн сайын техника жалдап, кәріз құдығына жиналған суды сорғызады. Лас су ауыл сыртындағы полигонға төгіледі. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Көл жағасындағы Жарбұлақ елді мекенінің тұрғыны көп жыл дәрігер болған Айбат Әбілқасымов осыған алаңдайды.
Айбат Әбілқасымов, Жарбұлақ ауылының тұрғыны:
- Мұның беті жабылмаған, ашық. Ауыл халқының алаңдайтыны жерасты сулары Жарбұлақ өзеніне қосылады. Болашақта Жарбұлақта эпидемилогиялық жағдай ушығып, түрлі аурулар шығуы мүмкін. Осыдан қорқамыз. Үкіметтен осы мәселеге көмектесуін сұраймыз.
Ауыл тұрғыны кезінде көл жағасында жұмыс істеген «Алакөл тазалық» атты шаруашылық мекемесін қайта құру жөнінде ұсыныс айтты. Өйткені жағалаудың тазалығына жауапты қазіргі коммуналдық шаруашылықтың техникалары талапқа сай келмейді.
Айбат Әбілқасымов, Жарбұлақ ауылының тұрғыны:
- Техника түгел тозған. Осыншама демалыс үйлеріне бір ғана ассенизатор көлігі жұмыс істеп отыр. Қатты қалдық таситын, контейнер көтеретін ескі Газ-53 көліктері бар. Ол мүлдем үлгере алмайды.
Көл жағасында қоқыс жәшіктері мен дәретхана да жетіспейді.
Майра Уәлиева, Жарбұлақ ауылының тұрғыны:
- Қаншама рет айтылып жатса да, әкелеміз, жеткіземіз деген әңгіме естиміз. Бұл әңгімені естігелі 4-5 жыл болды. Қомақты қаржы бөлініп жатыр. Қоқыс жәшіктері мен биодәретханаларды жеткілікті етіп орнатса болады ғой.
Дәретхананың аздығы, қоқыс жәшіктерінің жеткіліксіздігі өз алдына, демалушылардың барлығы бірдей тазалық сақтай бермейді. Бұған туристердің өздері қынжылыс білдірді.
Бақыт Стамбекова, демалушы:
- Ойға қалып тұрғаным, жағалаудың ластығы. Әркім өзінің артын тазалап кетсе екен. Үкімет әр адамның артынан кісі салып қоймайды ғой. Ішкен суларын, бөтелкелерін тастап кетеді. Темекінің тұқылы, қағаздар жатыр.
Алакөлде түйінді мәселе көп екенін жергілікті әкімдік өкілдері де жасырмайды. Көл жағалауында қазір 8 дәретхана жұмыс істеп тұр. Жақында тағы төртеуі қойылады.
Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:
- «Контейнерлер жетіспейді», – дейді. Былтыр 100 контейнер болды. Биыл тағы да алуды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі Алакөлдің дамып, тез өсіп келе жатқанын көрсетеді. Жетпей жатқан дүниелер бар, алдағы уақытта аламыз. Жұмыс істейміз.
Ал Алакөлдің ең өзекті мәселесі кәріз жүйелерінің құрылысы жақын арада басталмайтын секілді. 2020 жылы жобалық-сметалық құжат дайын болып, мемлекеттік сараптамадан өткенімен, тиісті қаражат бөлінбеген.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов