Атырауда келер қысқа мал азығын дайындау науқаны басталды
Мұнайлы өңір мал азығын негізінен жері шұрайлы Қызылқоға ауданынан дайындайды. Қазір шабындық алқаптарда 22 бригада қызу іске кірісті. Алайда биыл пішен мол болғанымен, оның бағасы өзгеріссіз қалатын секілді. Себебі ауданға мемлекеттен бөлінетін жеңілдетілген жанар-жағармай жетпей қалыпты. Оның қиындығын қарапайым тұтынушы тартады. Себебі қазірдің өзінде Мақат, Жылыой аудандарында шөп бағасы екі-үш есеге шарықтап кеткен. Қыстың қамын жазда қолға алған қызылқоғалықтар орақ науқанын биыл ерте бастады. Қазірдің өзінде аудан малға қажетті 136 мың тонна шөптің 30% дайындап үлгерген. Өздерінен артылғанын олар саттыққа шығарады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
Биыл, әрине, шөп бітік шыққанымен, оның бағасына айтарлықтай әсер етпейтін сыңайлы. Мысалы, Қызылқоға ауданында «Жырақұдық» алқабындағы бір бума шөптің бағасы – 4-6 мың теңге. Ал енді ол басқа аудандарға, айталық, Атырау қаласына тасымалданса, 14-15 мың теңгеге шарықтайды екен.
Ал қосын басынан сатып алуға көбісінің шамасы жоқ. Жеткізушілер жолдың қашықтығына қарай үстеме қосады. Сөйтіп, баға шарықтай береді. Шөп сатуды шаруалар да дағдыға айналдырған. Себебі мемлекет қолдауынан қалыс қалғандарға басқа кіріс жоқ.
Ғабит Хайруллин, шаруашылық жетекшісі:
- Сатамыз, себебі біздің шығынымыз, ЖЖМ қосалқы бөлшектеріміз, жасап жатқан жігіттердің еңбекақысы бар, соның бәрі шығын ғой. Мемлекеттен әзірге ешқандай көмек көріп отырған жоқпыз. Былтыр кішігірім жеңілдетілген ЖЖМ берді, биыл ол да жоқ.
Биыл әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерінің бағасы 2-3 есе өсті. Ал мемлекет тек мал басына ғана субсидия төлейді. Оның өзі де уақытылы емес.
Әділет Шаймарданов, аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Биыл шаруаларға жеңілдетілген дизель отыны бөлінбеген. Енді олар нарықтағы бағамен сатып алып, шығындарын мал азығына жергілікті бюджеттен берілетін субсидия есебінен жабады.
Биыл облысқа 670 мың тоннадан астам ірі сабақты мал азығы керек. Оның басым бөлігі осы ауданнан дайындалады. Қазірдің өзінде Мақат, Жылыой аудандарына ауданның жер қорынан 44 мың гектар жер беріліп отыр. Шабындық алқаптарда 22 шөп дайындаушы бригада жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы басқармасы олармен шөп бағасын көтермеу туралы меморандумға қол қойыпты. Бірақ жүздеген шақырымға тасымалданатын мал азығының құны тұтынушысына жеткенше талай құбылары анық.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов