Тараздағы «Қазфосфат» компаниясында жоспардан тыс экологиялық тексеріс жүргізіледі
Зиянды заттардың ауаға таралуынан бөлек, онда өткен айда екі рет қайғылы жағдай болды. Соның салдарынан үш жұмысшы қаза тапты. Біреуіне кірпіш тисе, екеуі уатқышқа түсіп кеткен еді.
Тәулік бұрын Тараздың бір бөлігін жағымсыз иісі бар тұман басып, тұрғындар дүрлігісіп қалды. Қаланың шетінде тұратын адамдар оның минералды тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорыннан шыққанын көрген. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, әлеуметтік желі арқылы шағым көп түскенімен, ауруханаға қаралуға ешкім бармаған. Кейін белгілі болғандай, зауыттан күкірт оксиді ауаға таралған.
Арман Қарағалиев, кәсіпорынның бас экологы:
- Күкірт оксидтері аспанға ұшып кеткен болатын. Бірақ санитарлық аумақтарда, қала маңында өзінің мөлшерінен асып кеткен жағдай болған жоқ. Құбырларды да зерттедік. Ол тек қана өзіміздің зертханамыз емес, Экология департаментінің зертханасымен бірігіп жасалған болатын.
Күкірт оксидінің атмосфераға таралуы цехтағы моногидратты сорғының істен шығуынан болған. Сол себепті күкірт қышқылы цехының жұмысын 5 сағатқа тоқтатуға тура келді. Кәсіпорын жұмысшыларының айтуынша, ол сәуір айында күрделі жөндеуден өткен.
Арман Қарағалиев, кәсіпорынның бас экологы:
- Адамның улануы үшін үлкен концентрация болу керек. Бірақ ондай концентрация болған жоқ. Абсорциялық сорғының екінші сатысын тазарту істен шығып жатыр. Ол штаттық режимде істеп тұрды. 1% өзі 15 минутта жеткілікті болып жатыр.
Данияр Сүлейменов, цех бастығы:
- Істен шыққан сорғының орнына басқасы қойылды. Бүлінген құрылғы техникалық тексерістен өтіп жатыр. Біздің цехымызда 109 адам жұмыс істейді. Жапа шеккен ешкім жоқ. Цех штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік шығын болған жоқ.
Экология департаментінің мамандары оқыс оқиға болған жерге барып, ауадан сынама алды.
Әрсен Латыпов, облыстық Экология департаментінің міндетін атқарушы:
- Қазір кәсіпорында жоспардан тыс тексеріс жүргізу үшін материал әзірленіп жатыр. Экологиялық заңнаманы бұзғаны дәлелденсе, әкімшілік айыппұл төлейді. Оған қоса зауыттың жұмысы ішінара тоқтатылуы мүмкін.
Жоспардан тыс тексеріс минералды тыңайтқыш шығаратын зауыттың барлық бөлімшелерін қамтиды. ««Қазфосфат» ЖШС директорын Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ұстап әкетті» деген ақпарат жалған. Кәсіпорын басшысы өз жұмыс орнында қызметін атқарып жатыр», – дейді зауыттағылар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев