Еліміздегі кейбір өңірлерде әлі де қант тапшылығы бар
Мәселен, Қарағандыдағы сауда орнындағы шуды полицейлер тоқтатқан. Ал Ақтауда тұрғындар күн сайын құмшекер жоқтығын айтып, шағымын білдіруде. Баға да күрт көтерілген.
Қарағандылықтар қант үшін төбелесті. Оларды полиция қызметкерлері ажыратқан. Қаладағы дүкеннің бірінде болған оқиғада кезектегілер құмшекердің бірдей берілмегені үшін шу шығарған.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы:
- Дүкен басшылығының айтуынша, кейбір адамдар белгіленген мөлшерден артық қант алған. Сондықтан басқалары шу шығарып, келіспеушілік туындады. Полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ал бұл – Ақтаудағы сауда орындарының біріндегі көрініс. Қантты сатылымға шығарған бойда адамдар бір-бірін итермелеп, таласып жатыр. «Қазір қаладағы дүкендердің көбінде құмшекер жоқ», – дейді тұрғындар.
Ал жауаптылар болса, қант тапшылығы барын жасырмайды. «Алайда тұрғындардың таласуы қисынсыз», – дейді. Қазір аймақта 490 тонна қант қоры бар. Өңірге Тараз қаласынан әкелінуде.
Жанна Тоқбаева, облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:
- Қазір 240 тонна тұрақтандыру қорында сақталған. Оны қала мен аудандардағы кәсіпкерлік бөлімінің сұраныс хатына сай сатып жатырмыз. Сұраныс әрине, осы айда жоғары. Қазір шектеумен беріп жатырмыз, енді белгілі мөлшерден жоғарылау беруді жоспарлап отырмыз.
Әйгерім Ашықбаева, тілші:
- Жергілікті әкімдік қаладағы ірі сауда орындарына қосымша 37 тонна қант жіберді. Ол дәл қазіргі сәтте адамдардың кезегін ұстамас үшін осылай сатылып жатыр. Әр адам қантты қолға 2 келі салып алады. Бағасы – 440 тг. «Бұл – әзірге уақытша шаралар», – дейді жауаптылар.
Таяу күндері азық-түлік корпорациясынан 4 вагон қант келуі тиіс. Тағы 10 вагон қант алдыруға келіссөздер жүріп жатыр.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев