Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында қатты нөсер салдарынан жертөлелер суға толған
Пайдасын былай қойғанда жұрт зардабын тарта бастады. Мәселен, Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында қатты нөсер салдарынан жергілікті аурухана, мектеп және дүкеннің жертөлесі суға толған. Қазір мамандар жағдай қалыпты, қызыл судың тысқа шығарылғанын айтып отыр. Нөсер жауынның қатты болғаны соншалық, тіпті қызыл су автомобиль жолын шайып кете жаздаған болатын. Мұндай жағдай небәрі бір аптада Қарағанды облысының екі бірдей елді мекенінде көрініс тапқан.
Ақтоғай ауылының тұрғындары елді мекеннің қақ ортасында нөсер жауын салдарынан осындай көлшіктің пайда болғанын көптен бері көрмеген. Не бары бір сағатта мұнда бір айлық жауын-шашын түсті. Ал Сенокосное ауылында осыдан үш күн бұрын жаңбыр одан да бетер қатты құйған.
Бірақ синоптиктер: «Бұл – шілде айына тән қалыпты жағдай», – дейді. Егер көктем мен күзде жаңбыр үш сағаттан артық тұрақты түрде тоқтамай жауып тұрса, жазда ауа температура жылдам өзгереді. Салдарынан қою бұлттың белгілі бір жерге нөсерлете салатын кездері табиғатта жиі кездеседі екен.
Дәулет Кісебаев, инженер-синоптик:
- Негізінен жауын-шашын суық фронттан кейін жүреді. Ыстық пен суық тоғысқан кезде бұлттар көбейе түседі. Мысалы, таңертеңгі уақытта бұлттар қою қара әрі біркелкі болса, түс ауа ол жаңбырлы болып келеді. Осының салдарынан жауынның белгілі бір бұлт бар жерде ғана қатты құйып жауатынын байқаймыз.
Нөсер жауын өткінші болғанымен, құйып жауғандықтан жаңбыр жерге сіңіп үлгермейді. Сондықтан топан су жер бедеріне сай төменге сырғи береді. Мұндайда ойлы жерде орналасқан елді мекендер көп зардап шегуі мүмкін.
Виктор Попов, Қазақстан геотехникалық қауымдастығының вице-президенті:
- Ол жер лайлы, батпақты емес, қалыпты құрғақ болса да мұнша көлемді суды сіңіріп үлгермейді. Осы уақытқа дейін аталған елді мекендерді мұндай жағдай болмаған. Демек бұл – табиғаттың біз болжап үлгермейтін тұсы. Бұл бірінші кезекте мұндай жағдай қайталанса, адамдарға зардап тимейтіндей іс шара жасап, арық пен су ағарларды тазалау керек деген сөз.
Табиғаттың мұндай тосын көрінісі қаншалықты жиі қайталанатыны толық зерттелмеген. Қарағанды өңірінде метеобақылау жұмыстары 90 жылға жуық қана жүргізіліп келеді. Бұл – аталған сала үшін аз мерзім. Сондықтан көптеген елді мекендер тұрғындарына алдын ала ескерту жасау әзірге мүмкін болмай тұр.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Зарина Зұлпхар