«100 аурухана» бағдарламасымен салынған емхананың қабырғасы сөгілді
Жетісу облысы Панфилов ауданы Сарыбел ауылындағы медициналық нысанның сылақтары ашылып, едендері аршылып, төбе бұрыштары сөгіліп жатыр. Тіпті түпкі бөлмеге бас сұғу мүмкін емес. Опырылудың аз-ақ алдында тұр. Әйтпесе салынғанына 10 жылдай ғана болған.
Айтпақшы, таудың етегіне қоныс тепкен ауылдағы емхананың құрылысы қақаған қыста, асығыс-үсігіс жүргізіліпті. Жергілікті тұрғындар осылай деп жатыр.
Емдеу мекемесінің Қанша Қасенова сияқты мамандары күн сайын басын қатерге тігіп, науқастарға қызмет көрсетеді. Өйткені ғимараттың қабырғалары жарылып, сылақтары түсіп жатыр. Сондықтан олар амбулаторияның іргетасы отырған оң жақ бөлігіне бармауға тырысады.
Қанша Қасенова, мейірбике:
- Аурухана апатты жағдайда болған соң, көбіне жоғарғы қабатта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жаққа көп келіп жатқанымыз жоқ. Лаборатория жұмыс істеп тұр. Лабораторияға сыртқы есік арқылы кіргіземіз де, қайтадан шығарып жібереміз. Қалған қабылдаудың барлығы жоғарғы қабатта істеліп жатыр.
Мекеменің сыртқы қабырғаларына да сызат түскен. Оны мамандар жамағанымен, жарықшақ жыл сайын ұлғайып келеді. Соған қарамастан дәрігерлер үш ауылдың 2300-дей тұрғынына қызмет көрсетіп отыр. Жергілікті халық: «Құрылыстың қыста әрі асығыс жүргізілуінен сапасы сыр берген шығар», - деп есептейді.
Аман Лұқманов, ауыл тұрғыны:
- Кезінде мердігер мекеме жөндеуді апыл-ғұпыл өткізген. Барлығы жарылып кетті. Кафельдері құлағалы жатыр. Құлап кетіп, медбикелердің өздері зардап шексе, қиын ғой.
Мекемеге сараптама жүргізген мамандар: «Ғимарат апатты жағдайда емес», - деп шешім шығарды және жөндеу жұмыстарына кететін қаражат көлемін де есептеген.
Алтынай Күдерова, Панфилов аудандық ауруханасы директорының орынбасары:
- 34 млн теңгеге ақау актісі жасалды. Облысқа жіберілді. Соның шешімін күтудеміз. Егер ақша бөлінсе, жөндеу қайта жасалады.
Аудандағы күрделі жөндеу қажет емдеу мекемесі бұл ғана емес. Халық санының артуына байланысты Тұрпан, Жерұйық, Нәдек ауылындағы ФАП-тарды үлкейтіп, дәрігерлік амбулатория жасау керек. Сонымен қатар ескірген жеті медициналық пункт жаңартуды қажет етеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев