БҚО аумағындағы 7 шақырымдық автожолдың жыры бітер емес
Енді аудан тұрғындары Жәнібек ауылы мен РФ шекарасын жалғайтын 158-165 шақырымдағы жол құрылысының уақытылы басталмауына наразы. Негізі бұл аралықта құрылыс жұмыстары былтыр сәуірде басталған. Алайда жаз ортасы болса да, биыл мердігер тарапынан ешқандай жұмыс жасалмапты.
Талғат Серікқалиұлы, тілші:
- Жәнібек ауылы мен РФ шекарасы аралығындағы жолда жүрміз. Жөнделетін жолдың жалпы ұзындығы 7 шақырым екен. Бірақ еш жұмыс басталмаған. Ал техника атаулы өздеріңіз көріп тұрғандай, атымен жоқ!
Телеарна тілшілерін көріп, тізгінді тежеген Тайыр Шүленбаев Жәнібек ауылының тұрғыны екен. «Жұмыс бабымен, тірлік қамымен көрші Ресейге жиі барамын. Бірақ Жәнібек ауылынан шекараға жеткізетін жол өте нашар. Ал Ресей бағытына шықсақ, жол тақтайдай тегіс», – деп ашынады тұрғын.
Тайыр Шүленбаев, Жәнібек ауылының тұрғыны:
- Ресей шекарасымен екеуарада тұрғанымен, жолымыз ұқсамайды. Осы жолды жөндеп берсе деген өтініш бар. Жаңбыр жауған кездерде батып, сүйретіліп жүреміз. 7 шақырым жол болғанымен, 7 сағат жүресің.
Жыры бітпей қойған жолға аудан басшылары мен партиялық бақылау комиссиясының өкілдері жиі шығады. Бірақ олардың құзырында республикалық маңыздағы жол құрылысына ықпал ететін тетік жоқ. Бар қолдан келері – тиісті мекеменің филиалына үшбу хат жолдау ғана.
Біржан Қуанәлиев, Amanat партиясының Жәнібек аудандық филиалының атқарушы хатшысы:
- Өткенде аудан әкімінің есебіне келгенде өңір басшысы бір-екі жұманың ішінде жұмыс басталмаса, шара қолданамыз деп еді. Сол кезде «ҚазаАтоЖолдың» облыстық филиалының башысы жұмыстың басталуына көңіл бөлеміз деген. Бірақ бір ай уақыт өтті, жол сол күйі, әлі ештеңе жасалған жоқ.
Қазбек Мәмбетов, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ БҚО филиалының директоры:
- «Қазталов-Жәнібек- РФ» учаскесіндегі 158-165 шақырымда жұмыс істеп жатқан компания – атыраулық «Бекет Сәт жол» компаниясы. Мердігердің айтуынша, екі жұманың арасында жұмысты бастап кету ой бар. Бірақ сол айтқан міндеттерін орындамайтын болса, келісімшартты бұзу мәселесі қаралатын болады.
«Қазталов-Жәнібек-РФ» және «Өнеге-Бисен-Сайхын» бағытындағы 245 шақырым болатын автожол құрылысын 4 компания жүргізіп жатыр. Рас, бұл аралықтағы құрылыс қарқыны жаман емес. Материал жеткізуге қатысты мәселелер шешімін тапқан. Қазталовтан әрі қарай 53-ші шақырымға дейінгі жол биыл күзге қарай Ащысайға жетпек.
Зауырбек Қыпшақбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының директоры:
- Қазіргі таңда бізді алаңдатып отырған – битум мәселесі. Осы күнге дейін 27 сынама алсақ, оның ішінде 17-сі сәйкес келген жоқ. Мына уақытқа төзімділігі бойынша біз сол күрделі жөндеу жұмыстарында қолданудамыз. Осы мәселе бойынша министрлікке дейін айтылды. Битум сапасының төмендігінен жолда түрлі ақаулар пайда бола бастайды.
Жыл басынан бері осы жобалар аясында 35 шақырымдай жол жөнделген. Жолдың 53-ші және 95-ші шақырымындағы құрылысты жүргізген мердігермен былтыр келісімшарт бұзылған еді. Осы арадағы 42 шақырым жолды салуы тиіс жаңа мердігер әзірге анықталған жоқ.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов