Ақылы автотұрақ: кәсіпкерлер мен әкімдіктегілер ортақ мәмілеге келе алмай жүр
Көптеген жылдар бойы мұнда темір тұлпарларын сауда нысанының қызметкерлері ғана емес, жақын маңайдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары да қойып келген. Алайда 1 наурыздан бастап бұл тұрақтар ақылы негізге өтті. «Содан бері келушілер азайды, ал табысымыз 30%кеміді», – дейді кәсіпкерлер.
Қайрат Көкенов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі:
- Біз әлі күнге дейін шығындарымызды есептеумен келеміз. Бизнес орталықтар мен тамақтану орындарының табысы азаюда. Өйткені келушілер тұрақтың ақылы екенін көріп, басқа жерге баруды ұйғарады. Ал бизнес болса, зардап шегеді. Мәселен, 2 мың адамға шаққан бизнес орталығы жылына шамамен 10 млн шығынға ұшырайды.
Осы және өзге де шағымдармен бизнес өкілдері Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келді. Мұнда әкімдік қызметкерлері мен тұрақ үшін ақы алатын компания өкілдері де шақырылды. Олар өз кезегінде ақылы тұрақ неге кәсіпкерлерге берілмейтінін және неліктен оған бір ғана компания жауапты екенін былай түсіндірді.
Ержан Диханбаев, қалалық «Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ басшысының орынбасары:
- Әкімдікке бір ғана адаммен жұмыс істеген ыңғайлы. Себебі қаламызда бизнес орталықтар көп. Біз әрқайсысының қас қабағына қарап, бәрімен келісе бере алмаймыз. Сондықтан бір ғана серіктесті таңдадық. Ал жерді кәсіпкерлерге бермеймыз. Өйткені жөндеу жұмыстарын өткізу керек болса, арты дауға айналуы мүмкін.
Ал «Астана көлік тұрағы кеңістігі» серіктестігінің басшысы соңғы жылдары компания шығынға батып жатқанын айтты. Сөзінше, құйылған 2,5 млрд теңгенің тек 100 млн ғана ақталған.
Шыңғыс Досыбаев, «Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры:
- Сізде 2 млрд астам шығын бар ма? Бұл – жобаның құны, біздің инвестициямыз. Мен – құрылтайшысымын. Мұндай қаражатты алу үшін банкке жүгініп, несие алдым. Бірақ әлі төлем жасаған жоқпын.
Қалалық әкімдік болса, 4 жылда ақылы автотұрақтардан 1,7 млрд теңге тапқан. Қазіргі уақытта қала бойынша 5700 тұрақ ақылы негізде. Ал жыл соңына дейін оның санын 10 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Кәсіпкерлер: «Айыппұлды есепке алмағанда түсетін табыстың 95% неге мемлекетке емес, жеке компанияға кетіп жатқанын түсінбейміз», – дейді.
Бейсен Жолболдиев, қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Жалға алып отырған өз жерлерін мерзімі біткеннен кейін оны қайта аудартуға мүмкіндік бермей, ол жерлердің бәрі әріптестікке берілді. Туризмді дамытатын жерге қарсы емеспіз, әріптестіктің өзінің шығындары болу керек қой. Ол жерді жергілікті әкімдіктің қызметкерлері тазалайды, қара жолды жүргізеді. Ал оның барлық шығыны кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы билік тарапынан жүргізіліп жатыр.
Бизнес өкілдері бұл мәселенің нүктесін сотта қоймақшы. Шенеуніктер мен жеке монополистік компанияның әрекетіне баға бері үшін олар қазірдің өзінде сотқа жүгінді.
Авторлары: Дана Алиева, Қанат Абильдин