Маңғыстаулықтарға 400 млн теңге субсидия беріледі
Мұндай жаңалықпен Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бөлісті. Қазбек Тәшімовтың айтуынша, жем-шөпке жұмсалған шығындар қайтарылады.
Былтырғы қуаңшылық маңғыстаулық малшыларға қиынға соқты. Бірқатары ондаған ірі қарасын жоғалтты. Ауыл тұрғыны Аяпберген Қуатбаев өз күшімен төрт түлігін шығынсыз сақтап қалғанын айтады. Биыл жауын-шашын мол түскендіктен, жайылымдық жерлерде шөптің шығымы жақсы екенін көріп, қуанған.
Аяпберген Қуатбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Былтыр тіпті тамыры тереңде болатын «адыраспан» деген шөптің өзі шықпай қалды, биыл енді шөптің түрі шығып жатыр. Мына менің ұстап тұрғаным – «күйреуік» деген шөп. Жерге шөп шықса, малға қоң бітсе, адамдар көңілді болады екен. Мал да жайлы, жақсы болады.
Ал Қызандық малшы Нәсір Ибескиев былтыр қуаңшылықта біраз малынан айырылды. Қиындықтарға қарамастан ата кәсіптен қол үзбепті. Қолда қалған түлікті қорада ұстап, сатып алған жем-шөппен асыраған. Соның нәтижесі, қазір ірі қара саны 100-ге жуықтаған. Көпшілігі – жылқылар.
Нәсір Ибескиев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Шөп шығып, көктеп, мал тойып, түленіп жатыр ғой. Былтырға қарағанда жаман емес. Былтыр да үкіметтен азды-көпті көмек болды, арзандау жем беріп, амалын таптық.
Шаруа қожалықтарын мемлекеттен қолдау шаралары биыл да жалғасады. Айталық, Үстірт пен Кендірлі-Қаясан қорығын жайылым ретінде пайдалануға рұқсат берілді. Сондай-ақ жем-шөппен қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса береді. Былтыр осы мақсатта жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, айналым қаражат жергілікті операторларға 0,1% үлестірілді. Олар өзге аймақтан мал жемін сатып алып, жеткізіп жатыр. Осы жылы малшыларға жем-шөпке шығарған шығынын қайтару үшін де субсидия беріледі.
Қазбек Тәшімов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Ірі-ұсақты шаруа қожалықтарының барлық құжаттары дұрыс болған жағдайда төрт түлігі арнайы дерек қорға тіркелген кезде субсидия алуға толық мүмкіндігі бар. Яғни әр ірі мал басына 20 мың теңгеден, ұсақ мал басына 5 мың теңгеден алуға толық мүмкіндік бар.
Мемлекеттен бөлінген субсидияны асыл тұқымды мал мен құс өсіретін шаруашылық жетекшілері де ала алады. Сондай-ақ малшылардың құдық қаздыруға жұмсаған ақшасының 80% қайтарылады. Орал, Ақтөбе аумағынан шөп шауып әкелгісі келетін тұрғындарға да көмек көрсетіліп жатыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев