«Жәрдем» пойызы өңірлерде тегін қызмет көрсетуде
Бұны «Жәрдем» пойызы дәрігерлерінің жүргізген тексеру жұмыстары көрсетіп отыр. Жоғары дәрежелі медициналық көмек алуға мүмкіндігі жоқ ауылдарда аялдап, тегін қызмет көрсетіп жүрген топ қарашаға дейін бірқатар облысты араламақ. Негізгі мақсат – ұлт денсаулығын жақсарту.
Мәртөк ауылында тұратын Болат Сәденов аудан орталығына медициналық пойыз келгенін естігенде мүмкіндікті жіберіп алмауды ойлаған. Ертемен тұрып, соңғы кездері мазалай бастаған көзін көрсетуге келді. Себебі елді мекенде жоғары деңгейдегі қызмет түрін алу қиын. Әрі білікті дәрігер де жоқ.
Болат Сәденов, Мәртөк ауданының тұрғыны:
- Мәртөк ауданында көз дәрігері жоқ. Сол себептен осында тексерілуге келдім. Керегінің бәрін жазып берді. Енді сол бойынша емделеміз. Білікті дәрігерлер осылай келіп тұрса екен дейміз.
Бұл – «Жәрдем» пойызының Ақтөбе облысында аялдаған соңғы стансасы. Өткен үш апта ішінде 12 ауылдың 7 мыңға жуық тұрғынын қабылдаған. Арасында кішкентай балалар да бар. Ал анықталған дерт түрлері әртүрлі.
Жұмабек Алдабергенов, Мәртөк ауданының тұрғыны:
- Мәртөк ауданының емханасында невропатолог, көз дәрігері, жүрек дәрігері жоқ. Бәрі Ақтөбеге жібереді. Осы жолы жан-жақты қарап, көмектессе дейміз.
Ел халқының денсаулығын жақсартуды көздеген дәрігерлер тобы бұған дейін Атырау мен Маңғыстау облысын аралап келді. Құрамындағы жоғары білікті дәрігерлер мыңдаған тұрғынға тегін көмек көрсетіп, алғысын алған. Тіпті бір стансада 40 баланы сүндетке де отырғызды.
Дана Сағынбекова, «Жәрдем» медициналық пойызының аға мейірбикесі:
- Жүрек аурулары, қан қысымы, ревмотизм, артрит, қант диабеті жиі кездеседі. Бүкіл облыс бойынша тексеріп келе жатырмыз. Көзіміздің жеткені барлық өңірге УДЗ-маман жеткіліксіз екен.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- «Жәрдем» медициналық пойызы әр стансада екі күн аялдап, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ақтөбе өңірінен кейін көрші Батыс Қазақстан облысына барады. Одан кейін Қызылорда және оңтүстік аймақтарды араламақ. Сөйтіп, қарашаға дейін пойыздағы дәрігерлер тобы ел тұрғындарын қабылдайды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев