Шардара су қоймасында браконьерлерге қарсы күрес қалай жүргізіліп жатыр?
Синтетикалық тор қолданып, қоршаған ортаға орны толмас зиян келтірген браконьерлерге қылмыстық жаза қарастырылған. Ірі көлемде айыппұл салынып, тіпті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Десе де заңды белден басқандар азаяр емес.
Балық инспекциясының мамандары рейдке жиі шығады. Топ құрамындағы полицей күдіктілерді ұстауға көмектеседі. Осы жолы браконьерлер қолға түспеді. Олар қалдырған аулар да табылды.
Синтетикалық аулар өзен флорасы мен фаунасына аса зиян. Олар ыдырамайтындықтан, балық аулауда пайдалануға тыйым салынған. Инспекторлар күнбе-күн аулардың ондаған метрін тәркілеп, жойып отырады.
Мейіржан Өмірәлиев, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңға дейін 172 заңбұзушылық анықталып отыр. Оның ішінде 12-сі – өрескел заңбұзушылық. Тоқпен ұстау немесе үлкен көлемде балыққа зиян келтіргендер. Олар бойынша заң аясында сотқа, одан кейін құқық қорғау органдарына өткізу, сондай-ақ тиісті процессуалды шешімдар қабылданып жатыр.
Шардара су қоймасының маңында бірнеше елді мекен бар. Мамандардың айтуынша, браконьерлікті жергілікті тұрғындар, яғни сол ауыл азаматтары кәсіпке айналдырып алған. Бүгінгі күнге дейін заңсыз балық аулағандарға 8 млн теңге айыппұл салынды.
Бақыт Қожанқұлов, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының маманы:
- Қорықшылармен рейдтік шара барысында Арнасай дамбысының бойында екі азамат заңсыз балық аулап, гарпунмен, шамамен 100 кг балығымен ұсталды. Оны сол күні Шардара аудандық полиция бөлімшесіне өткіздік.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, заңсыз балық аулау деректері көбейген. Өткен жылы аймақта 22 қылмыстық іс қозғалса, тек осы жылдың жеті айында 18 факті тіркелді.
Талғат Жаппаров, облыстық ПД ЖПҚ табиғатты қорғау тобының аға инспекторы:
- 2022 жылы браконьерлерден 2 тонна 800 келіге жуық балық тәркіленіп алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес, ауланған балықтың шығыны 100 АЕК-тен асқан жағдайда қылмыстық іс қозғалып, заңды жазасын алады.
Инспекторлар ірі көлемде балық аулау үшін 9 млн теңге көлемінде айыппұл салынатынын ескертеді. Сонымен қатар 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Рауль Ғабитов, Қуаныш Әубов