Ақтөбеде топан судың алдын алуға дайындықты осы бастан қолға алып жатыр
2017 жылы тіпті төтенше жағдай жариялауға тура келген. Биылдың өзінде 142 баспана су астында қалды. Зардап шеккен отбасыларына бюджет және түрлі қайырымдылық қор есебінен қаржы бөлінді. Табиғи апаттың қайталануына жол бермес үшін қазір өңірде су арналары тазартылып, суағарлар салынып жатыр.
Оралбай Елубайұлы іргетасы шөгіп, қабырғасына сызат түскен баспанасын әр жерден тіреумен бекітіп қоюға мәжбүр. Қарияның үйі 2017 жылы болған көктемгі су тасқынында жарамсыз болып қалған. Ол кезде табиғи апаттан 600-ге жуық отбасы зардап шеккен еді. Билік өзен бойында қоныстанған жандарға өзге ауданнан жер телімін беріп, қауіпті аумақтан көшірген. Алайда Оралбай ақсақалдың жаңа баспана тұрғызуға қауқары жоқ.
Оралбай Елубайұлы, қала тұрғыны:
- Күшім болса, өзім де салып аламын. Менің жалғыз балам қайтыс болды. Әйелім – мүгедек. Мен ештеңе де сұрамаймын. Газ, су бәрі келіп тұр, өзім кіргізіп алармын.
Қауіпті баспанада баз кешіп келе жатқан қария билік өкілдеріне бірнеше рет назын айтқан. Бірақ шенеуніктер: «Бюджет есебінен жаңа үй тұрғызуға да, күрделі жөндеу жасауға да негіз жоқ», – дейді.
Асхат Шахаров, қала әкімі:
- Екі мердігеріміз демеушілік көрсетіп, көмек береміз деп уәдесін берді. Күрделі жөндеуге бюджеттен қаржы бөлуге негіз жоқ.
Биыл да көктемгі су тасқыны тұрғындарды біраз әбігерге салды. Шаһардағы 53 тұрғын үй алқабының 20-сына қауіп төнген, 142 үй суға кетті. Сондықтан қала билігі еріген қар суын өзен арнасына бағыттайтын суағар салуды қолға алған. Бұл мақсатқа бюджеттен 330 млн теңге қаржы бөлінді. Арнайы комиссия құрылып, мамандар облыс орталығының айналасындағы жер қыртысын зерделеп, су бағытын анықтады.
Асхат Шахаров, қала әкімі:
- Төтенше жағдай департаментінің өкілдері комиссия құрылғаннан кейін қосымша тағы 1-2 жобаны ұсынады. Жаңа өздеріңіз көргендей, Есет батырдың айналма суды алып кететін және Құрышсай елді мекенінде екі жоба жақын арада бітеді. Соған қосымша тағы да алдағы сессияда қаржы бөліп, іске асыратын боламыз.
Бұдан бөлек жеке үй құрылысына бөлінген 70-тен астам жер телімі қала меншігіне қайтарылды. Оның 5-еуі кәсіпкерлерге тиесілі. Арнайы комиссия бұған дейін үлестірілген жер телімдерінің қар суының арнасында орналасқандығын анықтаған. Ғимарат салынса, топан су тұрғындар алқабына қауіп төндіреді. Қазірдің өзінде мұндай 3 баспана анықталып отыр. Олардың иелерімен келіссөздер жүргізіліп, сүрілетін болды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков