15 жыл бойы тіс дәрігері болған Қуаныш Мұхамеджанов кір жуатын машиналардан ұшақ құрастырды
15 жыл стоматолог болған Қуаныш Мұхамеджанов қызметін тастап, алты жылдан бері арманындағы идеясын жүзеге асырып келеді. Ол алғашқы робот мүсінді дәмханаға келушілерді тарту мақсатында жасаған. Тұрмыстық техникаларды кәдеге жарата білген шебер бүгінге дейін 30-дан аса мүсін құрастырыпты. Солардың ішіндегі ең көлемдісі – 8 кір жуғыш машина, 4 теледидар, 3 газ пеші мен тоңазытқыштан құрастырылған ұшақ. Аталған арт-мүсін үшін жарты жыл еңбектеніпті.
Қуаныш Мұхамеджанов, арт-мүсінші:
- Мен соңғы жылы ірі арт-мүсіндер жасауға бет бұрдым. Осылайша әуе кемесін құрастыруды ұйғардым. Ұшақтың жобасы әу баста шағын болған. Кейіннен дизайнын жетілдіріп, көлемін үлкейттім. Тек қана құрастыру жұмыстарына үш айдан аса уақыт кетті.
Арт-мүсіндердің ерекшелігі – олар ескі заттардан, тұрмыстық техникалардан құрастырылады. Бұл өнер Шығыс Азия мен батыс елдерінде кеңінен дамып, табыс көзіне айналып кеткен. Шебердің айтуынша, шет елдерде жыл сайын арт-мүсіндер көрмесі өтіп тұрады.
Қуаныш Мұхамеджанов, арт-мүсінші:
- Мысалы, осы ұшақтың бояуларын 150 мың теңгеге сатып алдым. Бұл – өте шығынды жұмыс. Болашақта арт-мүсіндерге қызығушылық танытатын демеушілер болса, осы жобаларға қолдау көрсетсе жақсы болар еді.
Қуаныш Мұхамеджановқа АҚШ пен Кореядан ұсыныс түскен. Бірақ шебер шет елде еңбек етуден бас тартыпты. Арт-музей ашуды жоспарлап қойған және тағы бірнеше жобаны жүзеге асырмақ.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев