Тараздағы «Жансая» шағын ауданының тұрғындары шу шығарды
Мұндағы 70 отбасы мердігерлермен ешқандай келісімшарт жасаспаған. Енді барлығы аяқсыз қала ма деген күмән бар.
«Жансая» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үй 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Салдарынан шатыры қатты жауынға шыдас бермей су өтіп, коммуникациялық жүйелер де әбден тозған. Сол себепті тұрғындар күрделі жөндеу жұмыстарын көп күтті. Ал осыдан екі жыл бұрын басталған құрылыс аяқсыз қалып, жұрттың көңіліне қайта алаң кірді.
Күнтай Әуезова, қала тұрғыны:
- Мен бесінші қабатта тұрамын. Төбеден су ағады. Осы жөндеуге қарап отырмын. Соның салдарынан үйіме де жөндеу жұмыстарын жасай алмай отырмын.
Ал көпқабатты үйдің жертөлесінен шыққан қолаңса иіс қолқаны қабады. «Бұл жер қараусыз ит-мысықтың көп иектейтін орнына айналды», - дейді ашынған жұрт. Құрылысты өткен жылдың қараша айында қайта жүргізуге келген мердігер бұл жолы тұрғын үйдің шатырын ауыстырмақ болыпты. Аузы күйген тұрғындар бұл іске қарсы болған.
Мұхит Бақтыораз, қала тұрғыны:
- 2020 жылы келіп, подъезді қырып бастады. «Өз ақшамызға жасаймыз», - деді. «Жарайды», - дедік. Бірақ ол жайына қалды. Содан 2021 жылы қазан айының аяғында келіп: «Үйдің шатырынан бастап жөндейміз», - деді. Біз оған қарсы болдық. Бір-екі айдан соң қыс келеді ғой.
Сейілқожа Өтебаев, қала тұрғыны:
- Келеді, «үйтеміз-бүйтеміз, қырамыз-жоямыз» деп кетіп қалады. Істейді ме, дұрыстап істесін. Істемесе, отырған жерімізде тып-тыныш отырайық. Бір-бірімізді үміттендірмей. Осы жөндеудің кесірінен қазір подъезде жүр.
Ал жауапты мамандар жөндеу жұмыстары тамыз айынан бастап қайта қарқын алатынын айтады. Ол үшін республикалық бюджет есебінен 50 миллион теңге бөлінген. Жоспар бойынша көпқабатты үйдің шатыры түгел ауысып, жертөле жаңғыртудан өтуі тиіс. Сондай-ақ барлық подъезд қайта сырланып, жарық жүйесі тартылады.
Бақытқали Жаңабаев, «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» серіктестігінің директоры:
- Аталған нысан бойынша құжаттарында қайта рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп, биыл 1 тамызда жөндеу жұмыстары басталады.
Тараз қаласында 1399 көпқабатты тұрғын үй болса оның тең жартысы қайта жөндеуді қажет етеді. Биыл республикалық қазынадан және жергілікті бюджет есебінен 56 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатилла