Энергетикалық сусынды көп тұтыну қант диабетіне шалдықтыра ма?
Олардың саудасы қазір қызып тұр. Әсіресе күннің ыстығында тоңазытқыштағы салқын сусынды құмары қанғанша сіміретіндер көбейді.
Мейлі ғой. Бірақ бұл зиян. Әйтсе де бұның зиян екенін бәрі біледі және біле тұра көзге ілмейді. Қынжылтатыны, энергетикалық сусынды жасөспірімдеріміз жиі тұтынады. Мамандар осылай дабыл қағып отыр.
«Шаршағанда қуат беріп, қанат бітіреді». Ал кейін қуатыңды бойыңнан суырып алады...
Иә, бұл – энергетикалық сусындардың бәрімізге таныс қасиеті. Көгілдір экраннан көрсетілетін жарнамасына әбден үйренсек керек, қазір мұндай құтыны көрмейтін күн кем де кем. Жалпы қазақстандықтар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді.
Ересектер зиянын сезіп, ішуді доғарады. Ал кәмлет жасына толмағандар ше? Олар мұны түсінуге қаншалықты құлықты?
Статистикаға сүйенсек, энергетикалық сусындарды ішетіндердің 80% – жасөспірімдер. Олар ойын клубтарында күш жинап, сергектігін сақтау үшін кемінде екі құтысын сіміріп алады. «Бірақ өсіп келе жатқан ағза үшін бұл аса қауіпті», - дейді қоғам белсенділері.
Светлана Романовская, «Тұтынушылар ұлттық лигасы» ұйымының басқарма төрайымы:
- Бұл мәселені Парламентте де, Үкіметте де бірнеше мәрте көтердім. Бірақ әлі нәтижесі болмады. Тым болмағанда 16 жасқа дейінгі балаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салса екен деймін. Себебі балалық шақта барлық адамның тамақтану дағдысы қалыптасады. Ал энергетикалық сусынды ішіп өскен бала мұны «балалық шағымның дәмі» деп қабылдап, өскен кезде де сатып ала береді. Оның үстіне қазір өндіріс бір орында тұрған жоқ. Қарбыз, қауынның дәмімен де шығарып, жасөспірімдерді еліктіруде.
Балалар дейміз-ау, мұндай сусындардың ересектер үшін де қауіпті екенін жоққа шығармаймыз. Елордада жүргізілген тексеріс барысында нарықтағы 19% алкогольсіз сусындардың Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне сәйкес келмейтіні анықталды.
Оның ішінде энергетикалық сусындар да бар. Олардың құрамындағы натрий бензоаты консерватының концентрациясы шамадан тыс артып кеткен. Өнімнің жарамдылық мерзімін арттыратын бұл концентрат кейбір жандарда аллергия тудыруы мүмкін. «С дәруменімен қатар қолданса, қатерлі ісікке де әкелуі мүмкін», - дейді мамандар.
Айгүл Шағалтаева, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Үнемі мониторинг жүргізіп, өнімдердің қауіпсіздігін бақылап отырамыз. Жыл басынан бері сусындардың 63 сынамасын алдық. Оның 23-і – энергетикалық сусындар. Он екісі қауіпсіздік стандарттарына сай келген жоқ. Үшеуінде натрий бензонаты шамадан тыс қолданылыпты. Ал оның 150 мг көп қолданылуы денсаулық үшін зиян.
Дана Алиева, тілші:
- Әрбір энергетикалық сусынның құтысында шамамен 13-14 шай қасық қант бар. Елестетіңізші, мұндай сусындардың күніне екі-үшеуін, тіпті төртеуін ішетін адамдар бар. Ақ халаттылардың айтуынша, кез келген қуат беретін сусындарды қадағалаусыз көп мөлшерде ішу қант диабетінен бөлек тағы бірнеше ауруды тудыруы әбден мүмкін.
Раушан Назарбекова, гастроэнтеролог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Біріншіден, энергетикалық сусынның құрамында газ болғандықтан, ол асқазанның шырышты қабығын қатты тітіркендіреді. Екіншіден, ұйқы безі мен бауырға әсер етеді. Сондай-ақ құрамындағы кофеин қан тамырларына, жүрекке, ең бастысы, миға зиян. Шамадан тыс көп ішсе, ұйқысыздық тудырып, жүйке жүйені тоздырумен қатар, қант диабетін тудырады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тек былтырдың өзінде елімізде 382 мың адам қант диабеті бойынша диспансерлік есепте тұрған.
Мұндай статистиканың өсуіне жол бермей, құрамында қанты бар сусындардың сатылымын азайту үшін оларға 2025 жылға дейін акциз енгізу көзделген. Әрине, бұл өнім бағасын қымбаттатады. Бірақ жасөспірімдердің де энергетикалық сусындарға құмартатыны да дәл осы қолжетімділігінен екенін қаперден шығармаған жөн.
Авторлары: Дана Әлиева, Қанат Абильдин, Самат Сулейманов