Қарағандыда көмір бағасы 17% қымбаттады
Қазір қала тұрғындарын қымбатшылықтың қысқаны соншалық, Қарағандыда тұрып-ақ дер кезінде қара алтыннан ала алмайтындарына шағымданады.
Розалия Шанғараева көмірді осыдан бір ай бұрын сатып алған. Себебі қыс түсе қымбатшылық бүйірден қысатынын біледі. Мысалы, Кузнецк көмірінің тоннасы өткен жылы 7,5 теңге болған. Биыл маусымда 11,5 теңге болыпты. Зейнеткер: «Ерте қамданбаса, қыркүйекке қарай көмір бағасы 20 мыңға жуықтауы бек мүмкін», – дейді.
Розалия Шанғараева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Көмірдің жыл сайын қымбаттайтынын білемін. Сондықтан екі айдың зейнетақысына ерте сатып алдым. Ең арзаны – Кузнецк көмірі. Оның өзі қазір 11 500 теңге болды. Тамыз айынан бастап тағы қымбаттайды. Сондықтан ерте қамдандым.
Көмірмен ерте қамданудың бірден-бір себебі осы. Тіпті сұранысы ең жоғары «Рапид» көмірінің 1 тоннасының қазіргі бағасы 20 мың теңгеге жуықтаған. Оған үйге дейін жеткізіп беруді қосыңыз. Еске салсақ, көмірдің дәл осы маркасы былтыр 17 мың теңге болған. Мамандар көмір бағасының күрт өсуін жалпы нарықтағы қымбатшылықпен байланыстырып отыр.
Александр Валуйский, Көмір кәсіпорнының өндіріс жөніндегі директоры:
- Тау-кен жұмысында қажетті комбайн бағасы 2018-2022 жылдар аралығында 50% қымбаттады. Электр энергиясының бағасы 6% өсті. Айлық қорын өткен жылдың жарты жылдығымен салыстырғанда 40% арттырдық. Осылайша, көмір 17% өсті. Халыққа 20 мың теңгемен беріліп отырған бұл баға көмірдің өзіндік құны деп айтуға болады.
Облыстағы ең ірі көмір комбинатына кезінде 15 кен орны қараған. Қазір оның тек 8-і қызмет етеді. Оның өзі коксталған көмір өндіреді. Тек біреуі ғана ашық әдіспен көмір шығарады. Облыс тұрғындарына көмір осы шахтадан жеткізілмек. Әзірге мұнда айтарлықтай кезек болмағанымен, көмір жеткізушілер қазан айында қалың жұрт арасында талас туарына сенімді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Зарина Зұлпхар