БҚО-дағы Амангелді ауылының тұрғындары интернет сапасына шағымданды
Редакциямызға Батыс Қазақстан облысының, Амангелді ауылынан тұрғындар хабарласып, осылай деп шағымданды. Олар ұзақ жылдан бері ұлттық байланыс операторына хат жазып, өтініш жолдағанымен, әлі күнге нәтиже жоқ.
Зейнеткер Дина Қажымбетова алыс-жақыннан хабар алысу қиын екенін айтады. Қаладағы немерелерін де көрмегелі біраз болыпты. Өйткені интернетсіз ауылға балалардың келгісі жоқ. Бұдан бөлек денсаулығы сыр берген әжей ғаламтордан қосымша медициналық мәліметтер қарағысы келеді, бірақ оған да қолбайлау. Кейіпкеріміз ұялы байланыс пен интернет мәселесіне қатысты талай жыл бойы әкімдікке де, операторға да барып, мәселені шешіп беруді өтінген.
Дина Қажымбетова, Амангелді ауылының тұрғыны:
- Мінекей, біздің өтініш жазып, интернетті қосып беруін сұрағанымызға 9 жыл болды. Хабар жоқ, қанша рет хабарлассақ та, «Сіздің көшеге интернет жүргізілмейді», - дейді. «Әже, ауылда интернет жоқ», - деп немерелеріміз келмейді.
Амангелді ауылында 300-ден астам үй бар. Мектепте 180 бала оқиды. Ұялы байланыс сапасы әр жерде әрғалай. Интернет те дәл солай. Елді мекеннің тең жартысы ғаламторды пайдалана алмай отыр. Ал күзде мектеп күрделі жөндеуге жабылмақ. «Балаларды онлайн оқытуға мүмкіндік жоқ, сонда қайтпек керек?!», - дейді тұрғындар.
Сәуле Бектенова, Амангелді ауылының тұрғыны:
- Биылғы оқу жылында мектепте жөндеу жұмыстары жүреді деген. Сосын балалар онлайн оқиды. Қиын болады, әрине. Интернет ұстамайды.
Меңдібай Қарабалинов, Амангелді ауылының тұрғыны:
- 9-10 жылдай интернет өткізеді деп, үй телефонын өшірген жоқпыз. Алдында он шақты күн бұрын найзағай түсіп, телефон, телевизор – бәрі жанып кетті. Өтініш жазып, телефонды алдырып тастадым. Иә, интернеттің қосылуын күттім. Қашанғы күтемін енді.
Интернет сапасы қашан талапқа сай болмақ? Бұл сауалға шенеуніктер оператордан тиісті жауап ала алмай отыр.
Салауат Бектемісов, Амангелді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:
- Біздер де бірнеше рет хат жаздық. Ауылымыздан 3 км жерде Билайн операторының тарелкасы орналасқан. Шежін деген өндірістік базасы бар, соған орнатылды. Бірақ ол ауылымызды толық қамти алмай отыр. Интернетке қосылуға 35-40 адам тіркеліп тұр.
Ауылдағы ағайынның уәжіне қатысты ұлттық байланыс операторына біз де хат жолдадық. Ондағы жауапты мамандар Амангелді елді мекеніне кеңжолақты интернет желісі нақты қашан тартылатынын айтты.
Амантай Мұратов, «Қазақтелеком» АҚ батыс өңірі бойынша коммерциялық директоры:
- Мыс желілерінің өткізгіштік қабілеті төмен. Сондықтан бұл жерлерді жоспар бойынша модернизациялап, бірте-бірте ауыстырамыз. Келер жылы ауыл мобильдік кеңжолақты интернетке қосылады. Осы жылы үшінші тоқсанда ауылдың кейбір бөлігінде желілерді оптикалық желіге ауыстыру жұмыстары жоспарланып жатыр.
Демек, ауылдың сапалы интернетке қосылар күні де алыс емес. Тек жоспарланған жұмыс кестеден кешікпесе болғаны.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов