Қарағандының кейбір тұрғындарына үйге газ тарту үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі
Қарағандының Михайлов ауданына көгілдір отынның сары құбырлары әлі де тартылып жатыр. Ал тұрғындар болса отын жарып, көмір кіргізіп алған. Себебі берілген уәде биыл да орындалмай ма деп алаңдайды.
Розалия Шангараева, қала тұрғыны:
- Үйге газ тарту үшін маған кемі 900 мың теңге қаржы керек. Сондықтан осы көмір түсіріп алғаным тиімді ме деп ойлаймын. Көмірді екі ай бұрын тоннасын 7 500 теңгеден түсіргем. Ал қыркүйекке қарай ол да қымбаттай береді.
Қарағандылықтарға көгілдір отынды үйге дейін кіргізу үшін бір реттік көмек ретінде облыс қазынасынан 100 млн теңге бөлінген. Әлеуметтік көмектің көлемі 100 АЕК, яғни 318 мың теңге шамасында болмақ. Бұл қаражат газ жабдығын жеткізуге және орнатуға кететін шығынды жабады.
Лариса Харитонович, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Отбасында жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Сондай-ақ жасына байланысты зейнеткерлер, мүгедек адамдар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, көп балалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен соғыс ардагерлері келіп өтініш жазса болады.
Аталған кешенді жұмыстар қала тұрғындарына жылу жүйесін көгілдір отынға көшіруге серпін беруі тиіс. Себебі қазіргі күні үйлерге дейін газ құбыры жеткізілгенімен, оған қосылғандар саны көп емес көрінеді. Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Зарина Зұлпыхар