Алматыда есірткіні жасырын жарнамалаған хабарландырулар азаяр емес
Түйіншектерді тұрғын үй аулаларына көміп қояды. Тіпті адам көп жүретін қоғамдық орындарға да тастап кетеді. Қазір қалада үйлер мен ғимараттардың қабырғасындағы жазбалар өшіріліп жатыр. Оған волонтёрлар да жұмылдырылды.
Есірткіні жасырын жарнамалайтын жазбаларды өшіру бір ғана учаскелік полиция инспекторының қолынан келмейді. Онымен қоғам болып күресу керек. Қаскөйлердің мақсаты – осындай қитұрқы әдіс арқылы жастарды арбап, торға түсіру. «Біздің қолымыздан онсыз да бояу түспейді. Көре қалсақ, бірден өшіреміз», – дейді тәртіп сақшыларды. Сондықтан бұл шараға волонтёрлардың да қатысуын өтінген.
Қайрат Слямбаев, учаскелік полиция инспекторы:
- Көбінесе жастармен, ауданда орналасқан КСК қызметкерлерімен бірге тұрғындармен нашақорлықты жарнамалайты графикалық суреттерді өшіріп жатырмыз. Бүгінге дейін аудан аумағынан жастармен бірлесе отырып, 1 450 үй қабырғаларында және қоғамдық орындарда белгіленген нашақорлықты жарнамалайтын суреттер өшірілді.
Полицейлердің айтуынша, нашақорлар да, оны сататындар да ақша табу үшін жарнама жазатындар да ештеңеден тайынбайды. Тіпті күндіздің өзінде жазуларын жазып, түйіншектерін іздеп жүре береді. Жазба қалдырып жатқандардың үстінен түсіп ұстап алған. Ондайларға бірден қылмыстық іс қозғалады.
Тұрғындардың сөзін волонтёрлар да қостайды. Нашақорлықты насихаттайтын жарнамаларды бірден байқауға болады. Ал оның бір-екі мәрте дәмін көрген адам есірткінің жетегінде кетеді. Әсіресе оған жасөспірімдер бейім келеді.
Алина Ерлан, волонтёр:
- Мен волонтёрмын. Жаз бойы осындай жазуларды өшіріп келеміз. Өте көп. Бүгін өшіріп кетсең, ертең қайта тұрады. Көбіне тұрғын үйлердің алдына емес, артқы қабырғасына жазып кетеді. Онда әлеуметтік желіге сілтеме тұрады. Әрі қарай оп-оңай тауып алады.
Нашақорлықпен күрес күшейген сайын синтетикалық есірткілерді қолдану белең алып барады. Қазір Алматының бір ғана Әуезов ауданы бойынша 200-ге жуық нашақор диспансерлік тіркеуде тұр. Сондықтан полицейлер тұрғындардан күмәнді жарнаманың қасынан бейжай өтіп кетпей, қайта өшіріп бояп тастауға кеңес береді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев