Чапаев ауылында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатары артып келеді
Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы Чапаев ауылында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Сағынғали Уаисов. Ол көлік жөндеумен айналысады. Механик күнделікті ермегін қазір тұрақты табыс көзіне айналдырыпты.
Ақжайық ауданына іссапармен барар жолда көлігімізден ақау байқалды. Чапаев ауылына жеткен бойда жергілікті тұрғындардың бағыттауымен жас механикке бардық. Есік алдында көлік оңдап жатқан Сағынғали бізді көріп, аман-саулық сұраса кетті. Жөнімізді айтқан соң, шаруасын тастап, темір тұлпарымызды қарап шықты.
Сағынғали бала күнінен техника жөндеуге әуес болған. Әсіресе көлікке қызығушылығы ерекше. Мектеп бітірген соң ауылдағы училищеде оқып, «Механик» мамандығын алған. Сол кәсіби білімін кәдеге жаратып, шағын автосервис ашып қойыпты. Табысы тәуір, өйткені ауыл күре жолдың бойында орналасқандықтан, жол-жөнекей оның қызметіне жүгінетін жүргізуші көп.
Сағынғали Уаисов, механик:
- Ашқанымызға көп болған жоқ. Көнеккеткен, Кеңсуаттан келеді. Тайпақ жақтардан келетін бар. Өтіп бара жатып, сынып қалатындар соғады. Бір көлікті шығарғанға орташа есеппен 5-6 мыңға шығады.
Отбасыдағы жалғыз кіріс көзі осы. Механик табыстың адал еңбекпен келгенін қалайды. Оның үстіне туып-өскен ауылындағы қолайлы мүмкіндікті пайдалануды әрі сүйікті ісімен айналысуды жөн көрген.
Сағынғали Уаисов, механик:
- Істеймін деген адам істейді. Білу керек, үйрену керек. Өзіме ұнайды. Кез келген жұмысты жақсы көріп істесең, бәрі де ұнайды ғой.
Сағынғали аз уақыт ішінде біздің көліктен бөлек, тағы бір көлікті жөндеп бітірді. Ол осылай күн сайын кемінде 3-4 көлік оңдайды екен. Кейіпкеріміз алдағы уақытта шағын автосервисін кеңейтуді армандайды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов