Қостанай облысы Жітіқара ауданының шаруалары субсидиядан қағылды
Себебі асылтұқымды мал басына берілетін субсидиядан қағылған олар тығырыққа тіреліп отыр. Бастапқыда көмек болады деп уәде етілген. Енді фермерлер бар қиындықты өздері еңсеруге мәжбүр.
Нұрлыбек Жүрісбаев алты жыл бұрын Чехиядан асылтұқымды мал сатып алған. Қазір симментал түлігінің саны 100-ге жетіп отыр. Бастапқыда билік жем-шөп қаржысын субсидиялайды, қаржылай көмек береді деген. Алайда уәде етілген қолдаудан қағылыпты.
Нұрлыбек Жүрісбаев, фермер:
- Бір басқа 120 мың теңгеден береміз деген. Бірақ ол үшін кемі 600 бас болуы керек екен. Менде қазір 100 бас сиыр бар, 600 басқа жетемін дегенше жаңа бағдарлама ауысып кетуі мүмкін. Себебі осы малды алып келгелі үш министр ауысты.
Осындай жағдайға тап болғандардың бірі – Руслан Шаденов. Онсыз да құрғақшылық бесінші жыл бүйірден қысып барады. Жем-шөптен батқан шығыны шаш-етектен.
Руслан Шаденов, фермер:
- Асылтұқымды мал өсіреміз деген мәртебеміз бар. Ауданға сүт тапсырамыз. Төрт түрлендіру үшін берілетін субсидияға тәуелдіміз. Мемлекеттен қаржылай қолдау жоқ. Егер осылай жалғаса берсе, екі жылдан артық шыдай алмайтын түріміз бар.
Фермерлер сүттің бағасына да наразы. Олар Жітіқараға шикізаттың литрін 150 теңгеге сатады. Ал Қостанай 185 теңгеге алуға дайын. Бірақ жол кеткен шығынды қайтаруға жетпейді.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
- Субсидиядан қағылу шаруашылықтарға оңай тимесі анық. Жағдайлары онсыз да қалт-құлт еткен олар ертең жабылып, банкрот болса, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі саласына қаншалықты нұқсан келерін болжау қиын. Ал ауылда мал баққан ағайын ертең төрт түлігіне табатын табысынан айырылса, онда қалаға жұмыс іздеп жаппай ағылатынын тағы жоққа шығаруға болмас.
Облыс бойынша биыл мал шаруашылығына қарастырылған субсидия 7,5 млрд теңгеге тең. Қазір осы соманың 40% фермерлерге үлестірілді. «Ал одан қағылғандар бірқатар талапқа жауап бермеуі мүмкін», - дейді, ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.
Нұрсұлтан Қабделов, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Күннен-күнге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерден субсидия алуға өтінімдер түсіп жатыр. Яғни күнделікті қарастырып, төлеп жатырмыз. Оның төленбеген себебі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің өтінімдерінің болмауы болып тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс тобы құрылған. Сол жұмыс тобында тек мал шаруашылығы емес, барлық субсидия мен ережені қайта қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қалай дегенмен ата кәсіпті қайтсек дамытамыз деген шаруалар жаңа тәртіптер түйткілді түйінді шешуге ықпал етеді деп үміттеніп отыр.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг