Хабар телеарнасы

Жастарға жеңілдетілген ипотека беріле бастады

Алғашқы 75 адам бүгін арнайы сертификаттарын алды. Облыс әкімдігі мен «Отбасы банкі» бірлесіп қолға алған игі жоба несімен тиімді? Оған кімдер қатыса алады?

 Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында еңбек ететін Күнтуған Охан бұл қуанышты күнді ұзақ күткен. Қазір ол 3 баласымен, жұбайымен пәтер жалдап тұрады. Үй кезегінде тұрғанына 10 жылдан асыпты. Жақында жаңа бағдарламаның іске қосылғанын естіп, бірден қатысуға өтініш берген. Комиссия мақұлдап, бүгін 20 миллион теңгенің сертификатын алды.

 Күнтуған Охан, Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы кафедра басшысының орынбасары:

- Жеңілдетілген 5 пайызбен беріліп отыр. 20 миллион береді, біз 10 пайызын өзіміз саламыз. 20 миллионға үй табуымыз керек. Сосын 13 жыл ішінде 5 пайызбен төлеп шығамыз үйді.  

Жастар ипотекасы 7 түрлі мамандық иелеріне беріледі. Олар: мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, спорт және мәдениет саласының өкілдері, әлеуметтік сала мамандары және жоғары оқу орнының ұстаздары мен ғылыми қызметкерлері. Ипотека көлемі жұмыскердің табысына байланысты. Тағы бір талап жасы 35-тен аспау керек.  

 Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Пилоттық режимде облыс орталығынан бастадық. Биыл 1 миллиард теңге облыстың бюджетінен бөлінді. «Отбасы банк» өз жағынан қосымша 500 миллион теңге бөлді. Бәрі дұрыс болса, осы жылдың соңына дейін 75 ипотека беріледі. Бәрі дұрыс болса, онда басқа қалаларға да осы бағдарламаны көшіретін боламыз.

 Ал ауыл жастарын баспанамен қамтудың басқа тетіктері бар. Тек өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысқан 2400 жас маманға үй алу үшін 6,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. ,Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деді жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысына қатысқандар.

 Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар