ЖОО әскерге барғандарға грант береді
Бұл туралы Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева хабарлады. Оның айтуынша, әзірге бұл бастаманы 30 университет қолдады. Алдағы уақытта олардың саны 50-ге дейін жетуі мүмкін. Қазір білім ордалары жауынгерлер тегін түсе алатын мамандықтар тізімін дайындап жатыр. Айта кетерлігі, бұл мүмкіндікті әскери қызметі кезінде жақсы көрсеткіштерге ие болғандар ғана пайдалана алады. Жауапты ведомство бұл жаңашылдықты жастарды әскерге баруға ынталандыру үшін енгізді. Сондай-ақ министрлік сарбаздардың қауіпсіздігі мәселесін де қолға алмақшы. Мәселен, аға офицерлерлердің жауапкершілігін арттырып, ата-аналар комитетімен тығыз байланыс орнату жоспарда бар. Психологтар да жауынгерлермен жиірек кездесіп, моральдық қолдау көрсетпек.
Айгүл Төлембаева, ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі:
-Еліміздің жоғары оқу орындары әскерде ең жақсы нәтиже көрсеткендерге грант беруге дайын. Әскери академиялар да оларды емтихансыз қабылдайды. Іріктеуді Қорғаныс министрлігі, шекаралық қызмет және Ұлттық ұлан өкілдері жүргізеді. Бұл тізімге ілікпегендер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ ақылы бөлімге түсе алады. Қалағандарға осы мүмкіндікті әскери қызметін аяқтаған сәттен бастап екі жыл ішінде пайдалануға рұқсат.