Петропавл қаласында қоқыс тау болып үйіліп жатыр
Тазалыққа жауапты компания өкілдері халық коммуналдық төлем жасамаған соң, контейнерлерін алып тастаған. Бүгінде облыс орталығында қоқыс шығарумен төрт кәсіпорын айналысады. Айтуларынша, 2017 жылдан бері тариф өзгермеген. Ал тұрғындардың берешегі 28 миллион теңгеден асып кеткен. Қазір рұқсат етілмеген жерге қоқыс лақтырып, тәртіп бұзғандарды полиция қызметкерлері жауапқа тартып жатыр. Мәселен, соңғы бірнеше күнде 22 адамға айыппұл салынған.
Асқар Қасенов, қала тұрғыны:
-Қоқыс бар ана жеке меншік үйдің қасында. Ол үйдің иесі жоқ. Әкімшілікке айтқанбыз, олар біледі. Учасковый біледі.
- Кім шығарады ол қоқысты?
- Сол маңайдың кісілері. Көрсете аламын. Иісі бар, маса бар.
–Сіз қайда шығарасыз қоқысты? Оны мен пешке, моншаға жағамын.
Мұрат Есмұқанов, қоқыс шығару компаниясының директоры:
-Жеке секторда тұратындар бізбен келісімшарт жасасқысы келмейді. Жалпы халықтың тек 30 процентінің ғана келісімі бар. Алайда олар төлем жасамай отыр. Соңғы екі жылда біз қалаға көмек ретінде бұл аудандардан қоқысты тегін шығарып келдік. Ал қазір өзіміздің жағдайымыз оңып тұрған жоқ.