Ақтөбе облысында тың идея мен жоба ұсынған жалынды жастарға қолдау көрсетіледі
Бұл туралы «Ақтөбе – мүмкіндіктер қаласы» атты форумда айтылды. Облыс орталығында таяу уақытта дарынды жас өрендердің басын қосатын технопарк ашылмақ. Бұдан өзге тағы бірқатар бастаманы іске асыру жоспарланған.
Ислам Исенғазиев – жастар форуымына Астанадан арнайы келген. Бірнеше стартап жобасының авторы атанған жігерлі жас соңғы 6 жылдан бері өзінің IT компаниясын басқарып келеді. Енді Ақтөбеде де тапшы мамандық иелерін даярлайтын қоғамдастық құрмақ. Бұл үшін әлемдік тәжірибені жіті зерттеген. Ал IT саласына қажетті жастарды ауылдық жерлерден тартпақ ойда.
Ислам Исенғазиев, IT-community қоғамдастығының негізін қалаушы:
- Тек қана оқытып қоймай нақты нәтижеге келтіру. Одан бөлек жаңағыдай робототехника мектебі бар. Стартаптарға программалар бар. Қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Сол себепті алдағы уақытта үлкен нәтижелер болады деген ойдамын.
Мұндай тың жоба облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып, меморандуммен бекітілді. Форум барысында елді мекендерде тұратын ерекше балаларға жоғары сапалы көмек көрсету, ауылдағы мектеп бөлмелерін жаңа үлгіде жабдықтау, жүздеген отбасын баспанамен қамту секілді қайырымдылық шараларын іске асыру жоспарланған. Жиынға қатысқан облыс әкімі өскелең ұрпақ өкілдеріне, соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жастарға да баса көңіл бөлінетінін айтты.
Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
- Жастардың жұмыссыздық мәселесі күн тәртібінде тұр. Ақшаны орталықпен келісіп, кеше 3 млрд ақшаға келістік. Соны қазір созбай жуырда үлкен жобаны бастаймыз. Кепілдікке салғызатындай қылып, ауылдың үйін, тұратын үйді соған СПК арқылы кредиттік ресурс береміз. Екі жарым пайызбен. Мақсатымыз – сол ауылдың жастарын жұмыспен қамту.
Бүгінде облыс бойынша 81 мыңнан астам жас бар. Соңғы екі жылда олардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі біржарым есеге азайған.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдабеков