Қарғалы өзені бойында тұратын тұрғындар қираған көпірмен қатынауға мәжбүр
Осыдан бірнеше жыл бұрын демеушілердің салған өткелі бір жылға жетпей пайдаға аспай қалған. Қатынас үшін өткелді жақын маң тұрғындарының өздері жасап алыпты. Алайда қолда бар ескі-құсқы құрылыс материалдарынан салынған бір аяқ жол алты ай ғана жарамды тұрған. Жақын орналасқан дүкен мен дәріхана, мектеп пен балабақша да өзеннің арғы бетінде. Қоғамдық көлікке де осы сынық көпір арқылы өтуге тура келеді.
Серік Көшеков, қала тұрғыны:
- Менің кемпірім екеуміз өтеміз. Кемпірім менің етегімнен ұстап өтеді. Өзім де үлкенмін ғой. Зорға өтем. Бәрі балаларын осы жерден күтіп алады.
Бақұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:
- Ол көпірді жасау үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржы бөлініп жасалуы керек. Біздерді қалалық ТҮКШ бөлімі бар. Соларға біз ұсыныс береміз. Бірақ әзірге ондай қағаз жүзінде өтініш түскен жоқ. Өтініш түссе тиісті органдарға тапсырыс беретін боламыз.