Хабар телеарнасы

Ұлытау облысында 22 жоба жүзеге асады

Ал Сәтбаев қаласында жуырда емхананың құрылысы басталмақ. Бұл жобаларды «Қазақмыс» компаниясы қаржыландырады. Бүгін директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай мен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали өзара ынтымақтастық жөніндегі екіжақты келісімге қол қойды. Стратегиялық маңызы зор құжат аясында қанша жоба жүзеге асады?

Макеттегі тұрғын үй, бала-бақша және спорт кешенінің құрылысы жуырда басталады. Сондай-ақ музыкалық драма театр бой көтермек. Мәдени ошақтың 500 және 200 адамға арналған екі үлкен залы болады.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
-«Қазақмыс» корпорациясы басшысының қолдауымен Жезқазғанда бірінші рет заманауи театр салынайын деп жатыр. Бұл жай ғана театр емес, келешекте үлкен мәдени ошаққа айналады деп сенеміз. Ол жерде спектакльден бөлек басқа да түрлі шаралар өткізілетін болады. Жоба бойынша бірнеше залы бар, балаларға арналған бірнеше үйірмелер жұмыс істейді.

Өңірдің инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік нысандарды салуға кететін қаражатты түгелдей «Қазақмыс» компаниясы өз мойнына алып отыр. Меморандум аясында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған екі бірдей орталық ашылады. Ал Сәтбаев қаласында жаңа емхананың құрылысы басталмақ. Сонымен қатар компания мемлекеттік техникалық университет пен «Мемлекеттік рәміздер» алаңын салуға қатысады. Шаруашылық суының соңғы станциясына жөндеу жүргізуді де «Қазақмыс» компаниясы атқаратын болды.

Эдуард Огай, «Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы:
-Жаңа облыстың құрылуы көптен бері шешімін таппай келе жатқан көкейкесті мәселелерге қозғау салды. Соның бірі – коммуналдық сала. Қыс болса қыр астында, көшелерді қардан тазалайтын көлік керек. Қазір жаңа техникаларды сатып алу жағын қарастырып жатырмыз, жетпегенін жалға аламыз. Жылумен қамту жұмысына да қатысты сұрақтар көп. Ол мәселелерді біртіндеп шешеміз.

«Қазақмыс» компаниясы қолдау көрсететін жұмыстардың барлығы екіжақты меморандумда қамтылған. Алдағы жылдары 35 миллиард теңгеге 22 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар