Хабар телеарнасы

Ақтөбеде «Бақытты отбасы» орталығы ашылды

Заңгерлер мен психолог мамандары тегін қабылдау ұйымдастырып, кеңесін береді. Тіпті, орталық мамандары мұқтаж жандарға табыс табу жолдарын үйретіп, жұмысқа орналастыруға дайын.

Он құрсақ көтерген батыр ана Динара Баймағанбетова массаж жасауды өз бетімен игеруге мәжбүр болған. Ерекше күтімді қажет ететін бөбек бағып отырғандықтан, алматылық тәлімгерлерден де сабақ алыпты. Енді массаж курстары «Бақытты отбасы» орталығында да ашылғандығына дән риза. Білгенімен бөлісіп, өзге де кәсіби мамандармен тәжірибе алмасуды көздейді.

Динара Баймаганбетова, көпбалалы ана:
-Он күндік курсты оқып алдым өзім. Сертификатым, дипломым бар. Ерекше балам болғандықтан үйден күнделікті істеймін. Алдағы уақытта жұмыс істегім келеді. Табыс тапқым келеді. Жалғыз бір жолдасымның айлығына қарамай.

Орталықта массаж курстарымен қатар тігін, аспаздық, шаштараз мамандығын да игеруге болады. Ұлттық қолөнер шеберлері де дәріс береді. Яғни, ниет еткен жанның таудай талантын, табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік бар.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
-Жұмыс жасаймын дегендерге өмірге ұмтыламын дегендерге бүкіл жағдайды жасаймыз. Адам ұмтылу керек қой. Абай айтпақшы «Бір қадам жасау керек». Сол қадам жасаған аналардың барлығына көмектесеміз. Көпбалалы аналарға да, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарды олардың барлығын қолдаймыз.

«Бақытты отбасы» орталығында кәсібін дөңгелетіп, түрлі саланың үздік маманы атанған жандар тұрақты тәлімгер болмақ. Мәселен, тараздық Анар Бексұлтан 200-ге жуық тігіншінің басын қосып, ұлттық өнерді дәріптеп жүр.

Анар Бексұлтан, «Шебер Шаңырақ» бірлестігінің төрайымы:
-Мен бұл дүниеге екі қолсыз келдім. Мен осы істі аяқпен жасаймын, аяқпен тігемін. Аналарымыздан көріп келе жатқан іс болғаннан кейін маған оны бастап кету қатты қиынға соқпады. Мен өзіммен қоса екі әпкем бірге жұмыс істейді. Бұл қазір отбасылық бизнес десе де болады. Осы өзімнің жүріп өткен жолымды, нәсібімді, кәсібімді осы аналарға үйретсем деймін.

Ауыл тұрғындарына арналған шеберлік сағаттары да бар. Бұл жерде жеке шаруашылықтан түсер табысты арттырып, әртараптандыру әдістері үйретіледі.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.