Алматыда EdCrunch Reload 2022 халықаралық конференциясы өтіп жатыр
Биыл әлемдік деңгейдегі 350 шетелдік және отандық сарапшы қатысып отыр. Тағы 20 мың адам онлайн бақылайды.
EdCrunch конференциясы ерте жастан бастап өмір бойы білім алуға дейінгі ауқымды мәселелерді қамтиды. Биыл 25 елден сарапшы келді. Олардың арасында білім министрлері, әлемдік деңгейдегі университеттердің ректорлары бар. Қазір бәсеке қатаң. Болашақта бұдан да күшейеді. Сондықтан адами капиталға ден қойған елдер ғана көш басында болады.
Ерболат Досаев, қала әкімі:
- Жуырда Алматының даму бағдарламасын қабылдадық. Оның негізгі мақсаты — адамдарға арналған қала құру. Олардың білім және интерактивті әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау. Дәл осы жоғары сапалы адам капиталы ғана біздің мегаполистің болашақта көркеюі мен оның бәсекеге қабілеттілігін айқындайды.
Сарапшылар оқытудың гибридті форматы, балдырғандардың интеллектісін дамыту, цифрлық трансформацияға бейімдеуді талқылады. Big Data-ны пайдалану, білім беру кеңістігін жобалау да қарастырылды. Бұл тақырыптың барлығы Қазақстан үшін өзекті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша елдегі демографиялық өсім жақсы. Қазір 620 мыңға жуық студент болса, 7 жылдан соң олардың саны 1 миллионнан асады деген болжам бар. Ал академиялық инфрақұрылым оған ілесе алмай келеді. Сондықтан білім саласын цифрландыру сән емес, ол — заман талабы. Озық технологиялардың біразы EdCrunch алаңында таныстырылды.
Улаф Шеве, конференцияға қатысушы:
-Конференция саясаткерлерді, білім саласындағы сарапшыларды, ұстаздарды бір алаңда тоғыстырады. Екі күн бойы маңызды тақырыптар талқыланады. Күрделі мәселелерді сараптап, ортақ бір ой, пікір қалыптасады.
Конференция аясында ертең EdCrunch Expo интерактивті көрмесі өтеді. Ол жаңа EdTech өнімдерімен, олардың авторларымен танысып, серіктестер табуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев