ЖЭО мемлекет меншігіне қайтару бастамасы көтерілді
Қажет болса Парламент ол бойынша жаңа құқықтық нормаларды жедел қабылдауға дайын. Бұл туралы сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тілшілерге берген сұхбатында мәлімдеді. Бірақ бірыңғай шешім қабылданбайды деп атап өтті. Мәселен, кейбір аймақтарда инфрақұрылымды уақытылы жөндеп, әлеуметтік тіпті экологиялық ережелерді сақтайтын инвесторлар бар. Олар жұмысын жалғастыруға құқылы. Ал проблемалы нысандар немесе иелері жауапсыз объектілерді мемлекетке қайтару мүмкіндігі қарастырылады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
-Кім жауапты болды соны анықтауымыз керек. Қаланың әкімі бар. Бұл жерде облыстың әкімшілігінің жауапкершілігі бар. Қожайындардың қандай жауапкершілігі бар. Тексеруші органдар неге уақтылы қарамады? Кешенді шешім қабылдау керек шығар.
Алдағы уақытта қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған тұлғалар сот аяқталғанша электронды білезікпен жүруі мүмкін. Бұл туралы сенатта сот жүйесін реформалау тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды. Мамандардың есебінше, мұндай әдіс адамды уақытша ұстау изоляторына жіберуге қарағанда анағұрлым арзан. Оның үстіне оқшауланған адамға қысым көрсету сынды фактілерге жол берілмейді. Қазір арнайы жұмыс тобы өзге де ұсыныстарды жинап мүдделі тараптармен, соның ішінде халықаралық ұйымдармен бірге талқылауда.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент сенатының төрағасы:
-Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Дегенмен шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында объективті және тәуелсіз сот әділетті мемлекеттің негізі екенін атап көрсетті.